Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Білім министрі Аймағамбетов игі бастаманы қолға алды

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Білім және ғылым министрлігі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім етті.

Оның пікірінше, қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз.

"Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері аталған қабілеттерді қалыптастырады", - деп жазды министр.

Аймағамбетовтың сөзінше, дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы.

"Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады", - деп толықтырды Аймағамбетов.

Білім министрі пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды екенін атап өтті. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.

"Біз еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл ретте мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің де ықпалы зор. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды. Соның негізінде еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару технологияларын енгізе алады", - деп сөзін толықтырды ол.

Әдетте оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланатын. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап береді.

"Бұл жүйе оқушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай жасайды", - деп атап өтті Аймағамбетов.

Ең алдымен оқушылар мектептегі барлық білім алушалардың мүддесіне сәйкес бастамалар көтеріп, тиісті шешім қабылдауды және оларды жүзеге асыруды үйренеді.

Мектептегі өзін-өзі басқару білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және бар мәселені бірлесіп шешуге өз ықпалын тигізеді.

Министр атап өткендей, алдағы уақытта өзін-өзі басқару үрдісі де дебат ойындары сияқты мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналады.

"Біз балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдаймыз. Мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді", - деп сөзін қорытындылады Аймағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899657-bilim-ministri-aimagambetov-igi-bastamany-qolga-aldy/

pixel