Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан туризмге 1 трлн теңгеден аса инвестиция құюды жоспарлауда

Опубликовано:

Бозжыра
Фото: visitmangystau.kz

2021 жылы Қазақстанда туризм саласына 1 триллион теңгеден аса инвестиция құю жоспарланып отыр. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз биыл үкімет, әкімдіктер және жеке инвесторлармен бірігіп, туризмге 1 триллион теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Бұл қомақты қаржы. 2020 жылы біз шамамен 600 миллиард теңге инвестицияладық, ал осы жылы одан екі есе көп", - деді Әбдірахымов.

Айтуынша, бұл сома жаңа туристік бағыттар құруға, қонақ үйлер, демалыс аймақтары, аквапарктер салуға жұмсалады. Нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны, аралас салаларда 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.

"Негізінен жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаңа турпакеттерге басымдық беріледі", - деді вице-министр.

Сондай-ақ, Әбдірахымов Бозжыра шатқалының төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.

"Біз қонақ үйді шатқалдың өзінде салу керек деп айтып тұрған жоқпыз. Экологиялық қауіпсіз қашықтықта салынуы қажет. Қазір бәрі осымен келісіп отыр", - деді ол.

Шатқалдағы құрылысқа қарсы шыққан қазақстандықтардың пікірі ескерілмей ме деген сұраққа:

"Қазақстандықтардың пікірі қандай? Екі адамның айтқаны бүкіл Қазақстан деп санайсыз ба? Сонда бәрі ол жерге жабайы болып баруы керек пе? Солай болғанын қалайсыздар ма?", - деп ашуланды вице-министр. Ол Бозжыра шатқалында бәрібір де инфрақұрылым салу қажет екенін айтты.

"Қазір барып көрсеңіздер, не дәретхана, не қол жуатын жер, тіпті машинамен баратын жол жоқ.  Біреу бөтелке тастайды, қағаз лақтырады, балалармен барып көріңізші, балаларыңыз жылап, қайтайықшы деп шығады. Біздің жоспарымыз – адамдар, ең алдымен, кемпингке соғып, көлігін тастап, әрі қарай жаяу немесе атпен, не болмаса велосипедпен барса екен дейміз. Көздеп отырғанымыз сол. Сол үшін жағдай жасау керек", - деді Әбдірахымов.

Айта кетейік, 2020 жылы Бозжыра шатқалында қонақ үй салынатыны туралы БАҚ-та хабарланды. Алайда қазақстандықтар әлеуметтік желілер арқылы табиғаты ерекше осы аймақта құрылыс жүргізуге қарсы шықты.

Кейіннен президент Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ үй жобасына қатысты қоғамдық резонансты ескере отырып, оны қайта қарауды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899772-qazaqstan-turizmge-1-trln-tengeden-asa-investiciya-quyudy-zosparlauda/

pixel