RU

Жаңатаста бір үйдің бес баласы көз жұмған өрттің алдын ала себебі анықталды

Өрт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Күні кеше Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бес баласы көз жұмды. Алдын ала мәліметтер бойынша, тұрғын үйдің пәтеріндегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде ТЖ департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады.

"Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған", - деді ТЖД басшысы.

Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.

"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, ТЖ департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді.

Кеше комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнына барды. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі, соның ішінде психологиялық көмекті  және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын береміз, - деп Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына көңіл айтты.

Оның айтуынша, отбасы толыққанды, отағасы мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім).

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ", - деп атап өтті Ұлан Жазылбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899972-zanatasta-bir-uidin-bes-balasy-koz-zumgan-orttin-aldyn-ala-sebebi-aityldy/