RU

Бір тәулік бойы іздестіріп жатыр: Байқоңырда екі оқушы жоғалып кетті (фото)

Полиция көлігі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Байқоңырда 2013 жылы туған екі бала жоғалып кетті. Жасөспірімдер бассейннен шығып, үйлеріне оралмаған. Оларды бір тәулік бойы іздестіріп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жеті жасар Нұрәлі Оразбаев пен Ерхан Анас кеше 20 ақпан күні сағат 10:30 шамасында бассейннен шығып, үйлеріне оралмаған. 

"Байқоңыр" кешені прокуратурасының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, балалардың жоғалуына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қазіргі таңда, 2021 жылдың 20 ақпанында жеті жасар екі жасөспірімнің "Маяк" спорт кешенінде өткен жаттығудан кейін үйлеріне оралмағаны анықталды. Балалардың бұл уақытқа дейін қайда болғаны әзірге анықталған жоқ. Қылмыстық істің тергеу жұмыстары кешен прокуратурасының жіті бақылауында" , - делінген прокуратура хабарламасында.

Байқоңыр қаласының прокуроры Нұржан Рахметов те өзінің Facebook парақшасында оқушылардың жоғалып кеткені туралы жазған. Ол іздестіріліп жатқан жасөспірімдердің суреттерін жариялап қойған.

"Балалар табылады деген үміттеміз. Аталған дерек бойынша РФ Тергеу комитетімен қылмыстық іс қозғалып, барлығымыз іздеу жұмыстарына қатысудамыз.
Аталған мән-жайлар бойынша қандайда бір ақпараттар анықталған жағдайда ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің Кезекші бөліміне шұғыл түрде хабарласуыңызды сұраймыз. Байланыс номері 5-55-02, 5-77-02, 5-23-32" , - деп жазды Нұржан Рахметов.

Құқық қорғау органдарының ақпаратына сүйенсек, іздеу жұмыстарына Қазақстан мен ресейлік полицейлер және ТЖМ өкілдері, прокуратура қызметкерлерімен бірге еріктілер де жұмылдырылды.

"Қатты алаңдағандықтан, біз түні бойы ұйықтамай іздеуді жалғастырдық", – деді дереккөз Sputnik Қазақстанға.

Балалардың қайда кетуі мүмкін екендігі әлі де беймәлім күйде қалып отыр. Алайда, интернетте олардың "Орион" бассейні ғимаратынан екі жүз метрдей қашықта ағып жатқан Сырдария өзеніне қарай бара жатқанын көргендер туралы ақпарат пайда болды. Еріктілер мен полицейлер және төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қосылып, өзен жағалауын қарап шықты.

"Біз саябақтан бассейнге дейін жағалау бойымен жүрдік. Мұнда іздеуге көмектескен көптеген адамдар болды", – деп жазады еріктілердің бірі әлеуметтік желіде.

Байқоңыр қаласының тұрғындары әлеуметтік желілердегі жазбалар арқылы полициядан қаланың әр ықшамауданында үйме-үй жүруді ұйымдастырып, барлық келушілерді тексеруді талап етуде.

Сондай-ақ, қала жастары жоғалған балаларды іздеу үшін еріктілер тобын құрып, таңертеңгі сегізден бастап аулалар мен қуыс-қалтарыстарды, гараждарды аралап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900027-bir-taulik-boiy-izdestirip-zatyr-baiqonyrda-eki-oqusy-zogalyp-ketti-foto/