Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрлері коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын салдырды
Жарияланған күні:
Бүгін денсаулық сақтау вице-министрі әрі еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын салдырды деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.
Вице-министрлерге вакцинаның бірінші және екінші дозасы да Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада егілді.
Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният өздерін жақсы сезінетіндерін жеткізді. Вакцинация алгоритмі бойынша екпе салынған соң олар 30 минут медициналық бақылауда болған.
Қиясов вакцинаның толық курсын алғаннан кейін, өзін коронавирус инфекциясынан толық қорғалғанын атап өтті.
Ол профилактикалық егудің мақсаты ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін еске салды. Бүгінде COVID-19-ға қарсы вакцинация қауіпті инфекциямен күресудің жалғыз тиімді әдісі және қатаң шектеулердің баламасы болып табылады.
Бас санитарлық дәрігер елімізде вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өңірлерде "Спутник V" вакцинасының екінші дозасы қолжетімді, оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық зауытының базасында жолға қойылған.
Естеріңізге сала кетейік, денсаулық сақтау вице-министрлері 2021 жылдың 1 ақпанында "Спутник V" вакцинасын алғашқылардың бірі болып қабылдаған еді.
Вакцинаның бірінші партиясы Қазақстанға Ресейден 2021 жылғы 31 қаңтарда жеткізілді. Қажетті рәсімдерді өткізгеннен кейін жүк Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орналасқан "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының ірі хабтарына бөлінді. Әрі қарай вакцина аймақтарға жеткізілді.
21 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда "Спутник V" вакцинасын 19 764 медицина қызметкері қабылдаған. Жағымсыз реакция тіркелмеген.
Бірінші кезеңде вакцина медицина қызметкерлеріне, жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметкерлеріне және жедел медициналық көмек мамандарына салынса, екінші кезеңде яғни наурыз айынан бастап - күш құрылымдарының қызметкерлеріне, педагогтарға, сәуірден бастап – студенттерге ал мамырдан бастап қалған контингентке салынбақ.
Вакцинаны еліміздің кәмелетке толған азаматтары ғана салдыра алады. Вакцинация егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдаға рұқсат етілген. Вакцинация алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді.
Сонымен қатар егу алдында пациентке вакцина жайлы толық ақпарат беріліп, кейін ол жазбаша келісімге немесе профилактикалық егуден бас тарту туралы құжатқа қол қояды.
Екі сатылы вакцина арасындағы интервал 21 күн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900082-elimizdin-densaulyq-saqtau-vice-ministrleri-koronavirusqa-qarsy-vakcinanyn-ekinsi-dozasyn-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.