RU

Жаңатастағы өрт: Қайтыс болған бес баланың ата-анасына үш бөлмелі пәтер берілді

Өрт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан жапа шеккен отбасыға пәтер берілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан марқұм болған балалардың ата-анасына Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан жан-жақты материалдық, психологиялық, дәрігерлік қолдау көрсету шаралары қолға алынған.

"Мәселен, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алды. Сондай-ақ, балалардың ата-анасына демеушілер есебінен Жаңатас қаласынан 3 бөлмелі пәтер берілді, ал Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажетті жиһаз бен техника алып берді. Қоғамдық ұйымдар, демеушілермен 3 млн теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді",-делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын көмек ретінде жолдайтын болды.

Айта кетейік, өткен аптаның соңында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бас баласы көз жұмды.

ТЖД бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады. Ол тұрғын үйдің пәтеріндегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындағанын мәлімдеді.

"Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған", - деді ТЖД басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900236-zanatastagy-ort-qaitys-bolgan-bes-balanyn-ata-anasyna-us-bolmeli-pater-berildi/