Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада тексерушілерді кіргізбеген клубқа әкім орынбасарының өзі келді

Опубликовано:

Клуб
Фото: Қызылорда мониторингілік тобы

Қызылордада түнгі клубқа келген тексерушілерді екі сағат бойы ғимаратқа кіргізбей қойған. Бұл туралы мониторингтік топтың мүшесі Сәбит Сұлтан айтты. Оның сөзін өңірдің полиция департаменті растады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сәбит Сұлтанның сөзінше, олар демалыс күндері қалалық әкімдік пен полиция қызметкерлерімен бірге карантин шараларын түсіндіру және тексеру үшін ғимараттарды аралап шығады.

Сондай күндердің бірінде "Ален" түнгі клубында санитарлық нормаларды бұзып, кальян шегіп отырғаны туралы хабарлама түскен. Суреттерді ғимараттағы меймандар жіберген.

Мониторингтік топ тез арада оқиға орнына жеткен, алайда күзет бейнебақылау камераларынан әкімдік қызметкерлері мен полицейлерді көріп, есікті жауып тастаған.

Осылайша, клуб қызметкерлері екі сағат бойы тексерушілерді кіргізбеген.

Топтың басқа мүшелерінің сөзінше, клуб ішінде клиенттер шулап, депозитке төлеген ақшаны қайтарып, өздерін шығаруды талап етіп жатқан. Бірақ, күзет оларға да рұқсат бермеген.

Осы уақыт аралығында клуб маңына тәртіп сақшыларының бірнеше жасағы жиналып, кейіннен қалалық полиция басқармасының бастығы, қала әкімінің орынбасары келген. Клуб тек сағат түнгі 12-лер шамасында меймандарды шығарған.

"Сонша уақыта шығармай ұстайтындай клубта не болғанын түсінбеймін. Кальян шегуге карантин болмаса да тыйым салынған", - дейді Сұлтан.

Полиция департаменті 2021 жылғы 20 ақпанда тексеру барысында "Ален" клубының әкімшілігі заң талаптарын бұзып, есікті ашпай, мониторингтік топты ішке кіргізбей қойғанын растады.

"Осыған байланысты топ өкілдері кафенің иесін шақырды. Қожайынға, әкімшіге және күзетшіге қатысты ӘҚБтК-нің 443-бабы 1-бөлігі (қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заң талабына бағынбауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды", - дейді полиция.

Айта кетейік, клиенттер осыған дейін де "Ален" клубында кальян шеккендерге қатысты шағымданған. Алайда арнайы топ келген сайын есік жабық тұрған. Енді ғана заң талаптарын орындатуға мүмкіндік туып отыр.

Бүгінде осыған ұқсас жағдайларда есікті ашу үшін арнайы мамандарды тарту мәселесі қолға алынып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900575-qyzylordada-tekserusilerdi-kirgizbegen-klubqa-akim-orynbasarynyn-ozi-keldi/

pixel