RU

Украиналық аруға үйленіп, Мальдив аралында аста-төк той жасаған қазақ жігіті туралы не білеміз

Алмаз бен Иванна
Фото: ivannaonufriichuk

Украиналық тележүргізуші Иванна Онуфрийчукке үйленген қазақ жігіті туралы бірқатар деректі KAZ.NUR.KZ порталы назарға ұсынады.

Жақында Мальдив аралында өткен аста-төк той бүгінде украиналық және шетелдік БАҚ беттерінде қызу талқыға түсуде. Көпшіліктің назарын аударған тойдың жас жұбайлары - Алмаз есімді қазақ жігіті мен украиналық тележүргізуші Иванна Онуфрийчук.

Иванна украиналық БАҚ-қа сұхбат беріп, өзінің өмірлік серігі туралы бірқатар қызықты ақпаратпен бөліскен.

Бойжеткеннің айтуынша, Алмаз - трейдингпен айналысатын қазақ бизнесмені, мұсылман. Ару көптеген сұхбатында Алмазбен алғаш қалай танысқанын да айтып берген.

Испаниядағы детокс-клиникаға барған бойжеткен шай ішіп отырған кезінде даяшыны шақырып үлкен қарбызға тапсырыс беріп жатқан қазақ жігітіне көзі түсіпті. Бір-біріне сол сәтте назар аударған жұп келесіде спортзалда тағы жолығып қалады.

Сол кезде Алмаз бойжеткенге өзі туралы айтып берген екен. Қазақстанда дүниеге келгенін, Европада тұратынын, трейдингпен айналысатынын айтқан азамат аруды тауға серуенге шақырған екен. Тележүргізуші қазақ жігітінің қолы ашық, романтикаға жаны жақын азамат екенін байқайды.

Иванна өзі православие дінін ұстанатындықтан, Алмаздың мұсылман екенін білгенде ойланып қалғанын, алайда болашақ күйеуінің отбасы заманауи адамдар екенін білгеннен кейін бұған мән беруді қойғанын айтады. Бір қызығы ару ешбір сұхбатта жан жарының тегін атамайды, тек есімі Алмаз екенін айтумен ғана шектеледі.

Иванна тек күйеуі алты жылдан астам уақыт Швейцарияда тұрып жатқанын, аталмыш елге барлық отбасын көшіріп әкеткенін, бұған дейін үйленіп, кейін ажырасқан азамат екенін айтып қалған.

Иваннамен танысқанда Алмаз бірінші жарымен ажырасу сатысында болыпты. Иванна да сол уақытта бұрынғы сүйіктісімен айырылысып жүрген кезі болғанын еске алды.

Бүгінде Алмаз жан жарына қымбат көлік пен әшекейлерден бастап, түрлі сыйлықтар жасап, әр күнін ерекше қуанышқа толтырып жүр.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1900957-maldiv-aralynda-ukarinalyq-aruga-uilenip-asta-tok-toi-zasagan-qazaq-zigiti-turaly-ne-bilemiz-foto-video/