Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балғынбек Имаш: Жер қазақстандықтарға да сатылмасын

Жарияланған күні:

Балғынбек Имаш
Фото: Instagram/balgynbek_official

Отандық танымал айтыскер ақын Балғынбек Имаш жердің шетелдіктерге сатылмайтынына қатысты өз пікірін айтты. Өнер иесі өзге отандастары секілді бұл жаңалыққа қуанғанын жасырмады. Алайда, аталмыш мәселеге байланысты өз қосары бар екенін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Балғынбек Имаш Instagram парақшасында ел күтпеген мәлімдеме жасады. Айтыскер ақын алдымен даулы мәселенің нүктесін қойған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз алғысын жеткізді. Алайда, артынан жердің шетел азаматтарына сатылмайтынына аса қуанған отандастарын сынға алды.

Сонымен қатар, өнер иесі мемлекеттік жерді қазақстандықтардың өзіне де сатпауға кеңес берді. Ол өзінің бұл ойын түсіндіріп өтті.

"Жұма берекелі болсын, жақсыларым. "Жер шетелдіктерге сатылмайтын және жалға берілмейтін болды" деп бөркімізді аспанға атып қуану қандай бейшаралық? Жер деген мемлекет болудың алғы шарты емес пе? Ұлтсыз мемлекет құруға болады. Бірақ, жерсіз мемлекет болмайды! Жерді сату - Отанды сату! Біз кешелі бері "Президент Отанды сатпайтын болды" деп қуанып жүрміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлына рақмет! Даулы мәселенің нүктесін қоюға пәрмен берді. Енді парламенті бар, басқа да құзырлы органдар осы мәселені күлбілтелемей, кібіртіктемей шегелеп тастаса жарар еді. Бірақ, ең басты мәселе: Жер қазақстандықтарға да сатылмасын! Бүгін жемқорлықпен, парақорлықпен болсын, адал кәсіппен болсын дүние жиып үлгерген бай-бағландар, қалаған жерін меншіктеп алып, ертең келетін ұрпақ үй салып, мал бағатын, егін егетін жер түгіл өлігін көметін көр таба алмай, үнділер құсап мәйіттерімізді өртеп жүрмейік.

Екіншіден, қазақ қызына үйленіп, я болмаса, басқа да себептермен Қазақстан азаматтығын алғандарға да жер сатылып, жалға берілмесін! Мемлекетті құраушы кім болса, жер де соныкі. Ұлан байтақ жерді қанымен қорғап, ұрпағына мұра қалдырған бабаларымыздың аманатына қиянат жасауға болмайды. Әрине, бұл шешімге қуанбайды емес, қуанамын! Қуана отырып ұяттан қызарамын, ызадан қуарамын. Өз мемлекетіңде отырып өз жеріңе, өз тіліңе, өз дініңе, өз жанұяңа, өз денсаулығыңа қастандық жасалмағанына мәз болып қуану - қандай қасірет" , - деп жазды Балғынбек Имаш.

Айта кетейік, кеше 25 ақпанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жерін шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900994-balgynbek-imas-zer-qazaqstandyqtarga-da-satylmasyn/