RU

"Өмірмен қоштаса бастадым": 28 сағат бойы аязда жүрген қостанайлық тұрғын қалай тірі қалды (фото)

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Қостанай тұрғыны Федор Попов 28 сағат бойы қар құрсауында қалып, үскірік аяздан аман-есен жақындарына оралды. Ақтөбеден Қостанайға жеке көлігімен бет алған ол діттеген жеріне жетуге 200 шақырым қалғанда күн райынан қауіптене бастайды. Ал Денисовка ауылына 24 шақырым қалғанда көліктің ауа тартқышын қар басып, Федордың машинасы тоқтайды. Осылайша, ол ас-сусыз жапан далада жалғыз қалады деп жазады kstnews.kz.

"Машинам тоқтаған соң, салон салқындай бастады. Термометр -24 градусты көрсетті. Аяқ-қолымның аяздан әлсірегенін күтпей, дереу әйелім мен төтенше жағдайлар қызметіне хабарластым. Айналада жан адам жоқ, жапан далада қатып өлмеу үшін әрбір 15 минут сайын дене шынықтырып, пресс жасай бастадым. Қан ұйып, ұйқы қыспау үшін де бұл өте керек нәрсе еді. Шамам көпке жеткенімен, аяз бой бермеді. Кейін аяқ-қолым үсіп, денемнен жан кетіп, әбден әлсіредім. Сіңірім тартыла берді. Ішетін су да, тамақ та жоқ. Амалдың жоқтығынан, қарды жей бердім", - дейді ол.

Аязда қар құрсауында қалған Федор Поповқа төтенше жағдай қызметіндегілер келе алмайтынын айтып, хабарласқан. Олар арнайы техниканың жоқтығын алға тартып, жолдың таңға қарай ғана ашылатынын жеткізеді. Осыдан соң ол тірі қалатынына сенбей, әйелі мен балаларына телефон шалып, жарық дүниемен қоштаса бастаған.

"Есімнен танып қалдым. Сәл есімді жиғанда әйелім мен бала-шағама хабарласып, олармен қоштастым. Тірі қалатыныма сенген жоқпын. Ал 28 сағат өткен соң, келесі күні түнде жедел жәрдем мен Камаз көлігі келді. Олар мені Денисов ауданындағы орталық ауруханаға жеткізді", - дейді ол.

Көлік
Оқиға орнынан фото: kstnews.kz

Аурухана дәрігері Сергей Николаевтың айтуынша, науқастың табаны үсіп кеткен, аяқ-қолында жан жоқ. Денесінің төменгі бөлігі тұтастай үсіп қалған. Дәрігерлер Федордың аяғына ампутация жасамау үшін қолдан келгенінше тырысты. Қуанышқа қарай, науқастың беті бері қарады.

"Егер ол дене шынықтырып, пресс жасамағанда, тірі қалуы екіталай еді. Суық көлікте, жапан далада бір тәуліктен астам отыру дегеніңіз өмірге үлкен қауіп! Сондықтан, аязды күндері жолға шықпауды өтініп сұраймын", - дейді дәрігер.

kstnews.kz
Оқиға орнынан фото: kstnews.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901126-omirmen-qostasa-bastadym-28-sagat-boiy-ayazda-zurgen-qostanailyq-turgyn-qalai-tiri-qaldy-foto/