RU

Түркістан облысында мешіттерде жұма намазын қай күннен бастап оқуға болады

намаз147
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Наурыз айынан бастап республикадағы жасыл аймақта тұрған барлық өңірлерде жұма намазына оқуға рұқсат етілді. Осы орайда ҚазАқпарат Түркістан облысы аумағындағы мешіттерде жұма намазы қай күннен бастап оқыла бастайтынын хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, Түркістан облысының аймағындағы мешіттерде 5-наурыздан бастап жамағатпен жұма намазы оқыла бастайды.

Облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, жамағатпен құлшылық рәсімін жасау үшін мешіттер 30 пайыз ғана толтырылады.

"Медициналық маска тағу, діни жоралғы кезінде сапқа тұрғанда арақашықтықты сақтау талап етіледі. Жалпы, өңірдегі барлық 750 мешітте залалсыздандыру жұмысының жүргізілуі қадағаланады. Уағыз оқылмай, тек парыз намазы ғана орындалады. Дәретханалар карантин талаптарып сақтай отырып ашылады. Жұртшылықты карантин шегінен шықпай, талапты орындауға шақырамыз", - дейді Еркебұлан Ыбрайымұлы.

Сондай-ақ дін өкілдері жаназа және жерлеу рәсіміне қатысушылар санын 50 адамнан асырмау қажеттігін жеткізді.

Ал індет өршіген жағдайда жұма намазын оқу тоқтатылады.

Айта кетейік, жұма намазынан бөлек, 7 күн бойы "жасыл аймақта" тұрған өңірлерде 1 наурызынан бастап ас беру рәсімін өткізуге де рұқсат беріліп отыр. Тек адам саны 50-ден аспау керек.

Сонымен қатар цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат. Тек залдың сыйымдылығы 30 пайыздан аспау қажет.

Сондай-ақ спорттық іс-шараларды да өткізуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901148-turkistan-oblysynda-mesitterde-zuma-namazyn-qai-kunnen-bastap-oquga-ruqsat-etiledi/