RU

"Бұндайды тек кинодан көруші едік: Ине шаншылған суреті тараған жігіт үндеу жасады (фото)

Әлішер Қабаев
Фото: Елден хабар Facebook парақшасынан алынды

Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы маңындағы зираттан ине шаншылған екі жастың суреті тараған еді. Фотоны көрген желі қолданушылары олардың тағдырына алаңдап қалған болатын. Анықталғандай суреттегі жас жігіттің есімі - Әлішер Қабаев. Ол желіде тараған суретке қатысты өзі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлішердің айтуынша, аталмыш жайттан кейін олардың тағдырына алаңдаған көптеген адам хабарласқан.

Жас жігіттің сөзінше, алаңдауға негіз жоқ сүйіктісі екеуінің жағдайы жақсы.

Дегенмен бұл жайт ғашықтарды да бей-жай қалдырмаған. Осыншама хаттан кейін Әлішер өздері де алаңдай бастағынын жасырмады.

Әлішер сүйіктісі Аружанмен осыдан екі жыл бұрын танысқанын, осы уақытқа дейін араларына түскен адамдар көп болғанын айтады. Бірақ ғашықтар әрбір қиыншылықты қол ұстасып, бірге еңсеріп келеді екен.

"Бір-бірімізді қандай жағдай болмасын корғап, қолдап Аллаға шүкір біргеміз. Болған жағдай біз үшін өте қиын болды, бұл бізді көре алмайтын адамдардың істеген ісі деп білеміз. Бір шетінен көңілге де алғымыз келмейді, бірақ сондай сұмдық нәрсені бірінші рет көргендіктен бе барлық достарымыз бен туыстарымыз хабарласып алаңдаған сайын көңілге алып қалады екенсің", - дейді ол.

Әлішер мен Аружан осы жайттан кейін махаббаты одан әрі нығая түскенін жеткізді.

"Махаббатымыз артты десем қателеспеймін. Біреуге өлім тілмек түгілі, артынан сөз айтуға ұятымыз жібермейді. Бұндайды тек кинодан көруші едік. Осы күнәні жасаған адамды қарғап, ғайбат сөз айтудан аулақпыз. Бұл жағдайды әділетті Аллаға тапсырдық. Ең бастысы бізде барлығы жақсы. Әрі қарай мықты бола түстік. Біз үшін уайымдаған жандарға мың алғыс", - дейді Әлішер Қабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901151-aramyzga-tusken-adamdar-kop-boldy-zelide-ine-sansylgan-sureti-taragan-zigit-undeu-zasady-foto/