Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурызды тоғыз күн тойлауды ұсынған мәдениеттанушы: Мерекенің ресми бейнесі жоқ

Опубликовано:

наурыз
Фото: almaty.tv

Белгілі мәдениеттанушы, наурызтанушы Серік Ерғали елімізде тойланып жүрген Наурыз мерекесінің ресми бейнесі жоқ екенін айтты. Ғалым Наурыз мейрамын атап өтудің ғылыми негізделген жаңа тұжырымдамасын дайындаса да, оны әлі күнге жүзеге асыру мүмкін болмай тұрғанын мәлім етті. Серік Ерғали Наурыздың тарихын зерттей келе, мерекені тоғыз күндік фестиваль түрінде тойлауды ұсынған. Ғалымның айтуынша тұжырымдаманы министрлік өзгертіп, атауларын ауыстырып қойыртпақтатып жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Серік Ерғали өзінің Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасы қоғам талқысына салынғанын, бірнеше жыл қатарынан сынақтан өткенін, тәжірибе жүзінде сол сценарий бойынша Шымкентте елбасының қатысуымен тойланғанын айтады. Ғалым бұл ғылыми зерттеу жұмысын осыдан 12 жыл бұрын қолға алған.

"Наурызды ресми түрде қайта тойлап жүргенімізге 1988 жылдан бері қарай 30 жылдан асып кетті. Әлі күнге оның ресми бейнесі жоқ, көрінісі жоқ. Атрибуттары жоқ. Сол 90-жылдары басталған этнографиялық бір сипат әлі күнге жалғасып келе жатыр. Оның басты себебі Наурыз мерекесі ғылыми жағынан терең зерттелген жоқ. Екіншіден, біраз зерттелсе де, оны ғылыми жағынан бекітуге, ресми түрде тұжырымдамасын жасауға мемлекет тапсырыс берген жоқ. Мен бұл тақырыппен 2000-шы жылдардан бері қарай айналысып келемін. 2009 жылы Астана қаласында Тілдерді дамыту басқармасына қарайтын Зерде орталығында Наурызды менің жасаған тұжырымдаммен атап өттік. Оған зиялы қауым өкілдері, қарапайым халық қатысты. Сонда тоғыз күндік фестиваль түрінде атап өтілді. Тоғыз күнді мен ойдан алған жоқпын. Ол атақты діндар, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық еңбегінің 8-томында жазылған деректен алынды. Онда Наурыз ресми түрде 8 күн мереке болғандығын жазады. Юлиан күнтізбесі бойынша 1-імен 8-нің арасы. Ал қазіргіше 14-і мен 21-і. Енді біз оған 22-сін қостық. Себебі 22-сі күні таң ата күн мен түннің теңеледі. Жазушы Ақселеу Сейдімбеков өзінің "Қазақ әдебі" кітабында:

"Жас кезімізде біз Наурызда бас таңды қарсы алатын едік. Таң енді атып келе жатқан кезде асау тайыншаны алып, соған салдырлаған дыбыс шығаратын әртүрлі нәрселерді іліп, әлгіні қуып, тулатып, айналаны оятатынбыз, солай таңды қарсы алатынбыз",- дейді. Яғни қазақ халқында жалпы түркі халықтарында жаңа жылдың таңын қарсы алу ғұрпы болған. Дәстүр болған.

Сақтар бұл таңды 360 баланы қызыл түсті матадан тігілген киім кигізіп, қарсы алғызған. Қызыл түс қуатты, қуанышты білдіреді. Бұл жаңа жылдағы 360 күннің жақсы, қуатты, байлыққа толы берекелі болуын тілеуден шыққан. Ал ғұндар жаңа жыл таңын тоғыз күйді тартып қарсы алады екен. Бұл Жағда Бабалықұлының жазғанынан", - дейді Серік Ерғали.

Мәдениеттанушы ғалым зерттеу барысында Наурызға қатысты атрибуттарды қалпына келтіргенін айтады.

"Мен зерттеу барысында бірнеше атрибуттарды қалпына келтірдім. Оның бірі - бізде ұлттық ойын деп аталып жүрген алтыбақан. Ол ойын емес, оны ешкім ойнап көрген емес. Оның ережесі жоқ. Бірақ кеңес үкіметі кезінде оны ұлттық ойын деп атап кеткен. Ол ежелгі Наурыздың бір атрибуты. Өйткені оның бір жағында ержеткен, екінші жағында бойжеткен тербетіледі. Бүкіл халықтың аңыздарында құдай ең алдымен жеті планетаны жаратқан дейді. Сонда алтыбақандағы алты сырық, үстінен біреуі өтеді, жетеуі сол аңызға сәйкес келіп тұр. Екіншіден алтыбақанды күн батар кезде құрады. Күн батардан былай қарай таңға дейінгі уақытты қазақ іңір деп атайды. Алтыбақанда жастар таң атқанша тербетіледі. Соның маңында ән айтады. Яғни бұл жоралғы, ғұрып, ритуал. Себебі оның мәні түнді жарықтың пайдасына шешу.

Бұдан басқа бізде Наурыз кезінде жаз бен қыс айтысы болған. Айтыс та наурызда күн мен түннің арбасуынан туындаған өнер. Басында бұл ритуал болған. Бертін келе өнерге айналып кеткен. Бұл бәрі менің интерпретациям", -дейді ғалым.

Мәдениеттанушы бұл тұжырымдамасын 2011 жылы шыққан "Нау мен Рыс" кітабында жазған екен. Айтуынша зерттеу жұмысындағы тұжырымдама ғылыми ортада да, халық арасында да сынақтан өткен.

"Бұл ғылыми ортада да, жалпы халық арасында сынақтан өткен тұжырымдама. Ешқандай қарсылық болған жоқ. 2013, 2014, 2015 жылдары Шымкент қаласында Асқар Мырзахметов мырза әкім болып тұрған кезде үш жыл бойы Наурыз мейрамы тоғыз күндік фестиваль түрінде өтті. 2015 жылғы Наурызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қуана-қуана бата берді. Содан бері алты жыл өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. Енді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында бастама көтерілді. Біз 20-ға тарта зиялы қауым өкілдері, ғалымдардың қолдауымен Наурыз мейрамының тұжырымдамасын үкіметке тапсырдық. Мемлекеттік хатшы жеке қабылдап, қолдап мұны тезірек енгізуіміз керек екенін айтты. Билік бұдан құлағдар. Бірақ министрлік тұжырымдамамды өзгертіп, атауларын ауыстырып қойыртпақтатып жүрген жайы бар. Соның кесірінен халық дұрыс түсінбей қалып жатыр. Бұл тұжырымдаманың әлі аналогы жоқ. Тек әр жерден пікір айтылады. Шамалы мақалалар жазылады. Нақты тұжырымдама ұсынып, сценарий жазған әлі ешкім жоқ", - дейді наурызтанушы ғалым.

Еске сала кетсек, бұған дейін KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында наурызтанушы Серік Ерғали еліміздің батыс өңірінде 14 наурызда аталып жүрген жыл басын "Көрісу күні" деп атау дұрыс емес екенін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901237-nauryzdy-togyz-kun-toilaudy-usyngan-madeniettanusy-merekenin-resmi-beinesi-zoq/

pixel