"Құлап жатқанымызды сездім": Апатты жағдайда қонған Ан-2 ұшағының командирі не болғанын айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
26 ақпанда Боралдай әуежайынан ұшып шыққан Ан-2 апатты жағдайда шұғыл қонуға мәжбүр болды. Ұшақтың командирі Тахир Өтегенов не болғанын айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұшақ командирі Тахир Өтегеновтің айтуынша, ол ұшақтың құлап бара жатқанын сезіп, шұғыл қону қажет деген шешім қабылдаған екен.
"Шұғыл тапсырманы орындауға ұшқан кезде 50 метр биіктікке көтерілгенде мен құлап жатқанымызды сездім, қозғалтқыштың қуаты әлсірей бастады. Мен әуежайға оралу үшін ұшақты кері бұрдым. Ұшақтың ішінде жолаушылар болғандықтан және елдімекеннің үстінен ұшып бара жатқанымызды ескеріп, қонуға мейлінше қолайлы жер таңдадым. Борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері дін аман", - деп есіне алды ұшақ командирі Тахир Өтегенов.
Еске сала кетсек, 26 ақпан күні "Азия Континенталь" әуе компаниясының Боралдай - Кеген бағыты бойынша санитарлық рейс орындаған Ан-2 ұшағы жерге апатты жағдайда қонуға мәжбүр болғанын хабарлаған едік.
Оқыс жағдай сағат 12:30-да Боралдай автожолынан шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде болған.
Ұшақ бортында бес адамның болғаны хабарланды – екі экипаж мүшесі мен үш жолаушы (медициналық қызметкерлер). Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. "Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру басқармасы тергеу жүргізетін болады", - делінген министрліктің хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901305-qulap-zatqanymyzdy-sezdim-apatty-zagdaida-qongan-an-2-usagynyn-komandiri-ne-bolganyn-aityp-berdi-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.