Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өмірзақ Шөкеев: Газдан тұншығу енді қайталанса, ешкімге кешірім жоқ

Опубликовано:

Өмірзақ Шөкеев11
Фото: q-content.kz

Түркістан облысында табиғи газ кіргізілген барлық үй тексерілетін болды. Анасы мен төрт баланың өлімінен кейін облыс әкімі осындай шұғыл да қатаң тапсырма берді. Ал қайғылы жағдай болған үйге газ құбырын тартқан компания тергеу қортындысы шықпай тұрып-ақ, жазалануы тиіс дейді Өмірзақ Шөкеев. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Өткен демалыста болған Түркістандағы қайғылы жағдайдан соң, ашуға мінген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев газдан тұншығу жайты енді қайталанса, ешкімге кешірім жоқ екенін кесіп айтты.

Аймақтың барлық шенді-шекпендісі өзіне қарасты аумақтағы жүргізілген газ құбырын тексеруі тиіс.

"Барлық әкімдерге де айтамын, осындай газ кіргізілген бар жерді тексеріп шығыңыздар. Шұғыл! Осы жиналыс өткеннен кейін бірден ұйымдастырыңдар. Аулаларын тексеріңдер. Сол газды орнатқан мекемені жазалау керек", - дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, өңір басшысының мұндай қатаң шешіміне 27 ақпан күнгі Түркістандағы трагедия түрткі болып отыр.

Жер үйлердің бірінен 40 жастағы әйел мен 4 бірдей баласы өлі күйінде табылған еді. Олардың үлкені 16 жастағы студент болса, екеуі 14 және 7 жастағы оқушы болатын, ал 4 жасар бүлдіршін балабақшаға барып жүрген еді.

Белгілі болғандай базарда сатушы болып істейтін анасы жексенбі күні жұмысқа шықпай қалған соң, жанындағы саудагер әйел үйіне іздеп барған. Көршілерімен бірге баспанаға кіргенде, оларды жансыз күйде көрген.

Қарапайым құрылысшы боп істейтін отағасы бұл кезде Шымкентте ауруханада болған. Төрт жыл бұрын ғана көршілес Жаңақорған ауданынан көшіп келген отбасы тірнектеп ақша жинап, есік алдына үлкен үй салып жатқан екен.

Ал өздері төрт баласымен үш бөлмелі үйде тұрған. Бір жыл бұрын ғана кіргізілген табиғи газды кіші үйдегі Иран пешіне қосқан.

Мамандардың сөзінше, марқұмдардың өліміне бірнеше жыл бұрын қауіпті деп табылған, осы Иран пешінен тараған газ себеп болуы мүмкін.

"Ол жерде үш тетігі белгіленген. Біреуі газға қосылмаған. Жатын бөлмеде. Ал екеуі бір газ плитамен Иран пешіне қосылып тұрған және де үйдің өзінде батареямен берілетін жылу жоқ. Сондықтан әр бөлмеге бөлек-бөлек жылу тартылған. Бірақ бір қазандық қана қосылып тұр. Сол қазандықтан улы зат бөлмеге таралған", - дейді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Түркістан облысы филиалының директоры Шалқар Омарбеков.

Қазір қайғылы жайтқа қатысты бір баппен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ал анасы мен төрт перзентінің денесі туған жері – Жаңақорғанға жерленді.

Қайғыдан қан жұтқандардың жақындарына демеушілердің көмегімен 7 миллион теңге берілді. Енді Түркістан облысының барлық мемлекеттік қызметкерлері бір күндік жалақысын аударуға ниетті.  

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901450-omirzaq-sokeev-gazdan-tunsygu-endi-qaitalansa-eskimge-kesirim-zoq/

pixel