RU

Ақтауда "ЦОН" қызметкері жағдайы нашарлап, қан құса бастаған ер адамды құтқарып қалды

Көмек
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтауда аяқ астынан жағдайы нашарлап, қан құса бастаған ер адамды Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері құтқарып қалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының PR-менеджері Жадыра Шалабаева айтты деп хабарлайды Lada.kz.

Жадыра Шалабаеваның сөзінше, оқиға 3 наурызда 15 шағын ауданда орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының жалпы залында болған.

Ер адам өз кезегін күтіп тұрған сәтте қан құса бастап, жерге құлаған. Куәгерлер тез арада жедел жәрдем шақыртқан.

Сол мезетте ХҚКО қызметкерлерінің бірі ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осыдан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған.

"Келген медқызметкерлер ер адамды ауруханаға жеткізді. Оны басшының орынбасары лауазымын атқаратын Азамат Әйтенов құтқарды. Ол әскерде болған және алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін біледі. Бұл оның адамды құтқарған бірінші жағдай емес", - дейді Жадыра Шалабаева.

Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі ер адамның денсаулығына еш қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.

"Оның жағдайы жақсы. Науқас осыған ұқсас ұстамалары болып тұратынын айтты", - дейді медициналық мекеменің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың шілде айында Алматыдағы Жетісу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында жүкті әйелдің кенеттен толғағы басталған еді. Келіншекті орталық қызметкерлері аман-есен босандырып алған болатын.

Өмірге дені сау қыз бала келді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901905-aqtauda-con-qyzmetkeri-zagdaiy-nasarlap-qan-qusa-bastagan-er-adamdy-qutqaryp-qaldy/