Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Рахметі жоқ, ауыр": Көлік жуып, нәпақа тауып жүрген арулар өз жұмыстары жайлы айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Азаттық рухы. Солдан оңға қарай: бірінші отырған - Любовь, үшіншісі - Ақелік

Жаратылысы нәзік болғанымен, елімізде ауыр жұмыстан қашпайтын әйелдердің бары жасырын емес. Осы орайда Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында көлік жуып, нәпақа тауып жүрген батыл арулар жұмыстары туралы айтып берді деп жазады Азаттық рухы.

Басылым мәліметінше, Любовь Вишневскаяның автожуу саласында жұмыс істеп жатқанына 24 жыл толған. Жұмысы физикалық тұрғыда ауыр болғанымен, Любовь өз ісін жақсы көретінін жеткізді.

"1997 жылдан бастап көлік жуып жүрмін. Иә, ауыр, рахметі жоқ, лас жұмыс. Тіпті, ер адамдарға арналған жұмыс қой. 50 жасқа келсем де, күніне кемі 15 көлікке дейін жуып, шаршасам да, мен өз жұмысымды жақсы көремін", - дейді Любовь.

Кейіпкеріміз Нұр-Cұлтан қаласының суығында, әсіресе, қыс мезгілінде автокөліктерді жуу оңайға соқпайтынын атап өтті. Себебі, темір тұлпар суықтан қатып қалады, оны жібітіп, тазалау үшін салқын суды қолдануға тура келеді екен. Ал суық су және 8-9 сағаттық үздіксіз жұмыс денсаулықты "жеп" қоятыны түсінікті.

"Жұмысқа байланысты туындаған жағдайлар: аяқ-қолдың талуы, қақсауы. Одан өзге асқазаным ауырады. Асығып, қалай болса солай тамақ ішеміз", - дейді ол.

50 жасқа келген Любовьтың 4 баласы, 3 немересі бар. Жолдасы дүние салған. Ол биыл мектепке барған кенже қызын жеткізу үшін әлі де аянбай еңбек ететінін жасырған жоқ.

"Ұлым осы жұмысыма түбегейлі қарсы, үйде отырғанымды қалайды. Алайда, мен жұмыссыз отыра алмаймын. Үлкендерім отбасылы. Үшінші балам әлі үйленбеді. Кенже қызым 1-сыныпқа барды. Негізгі мамандығым – аспаз. Дипломым бар болса да, аспаздық саласында жұмыс істей алмадым. Себебі, маған ас әзірлеу түк те ұнамайды.

Білесіз бе, жастар көлік жуудан қашады. Мысалы, қазір ұжымда 3 қыз, 5 жігіт жұмыс істейміз. Ұжымдағылар үнемі ауысып отырады. Ауыр, суық, ылғалды жұмыс болған соң, қиындыққа шыдамай, қашатындары рас. Бірақ, мұның бәрі мен үшін қиын емес", - деп сөзін қорытындылады түйіндеді Любовь.

Көлік жуу саласында өрімдей жас қыздар да жұмыс істеп жүр. Солардың бірі – 23 жастағы Ақелік Нарымбетова.

"Жалпы, көбіне ер адамдар айналысатын жұмысты істеп жатқаныма 6 жылдан асты. 15 жасымда басқа салада жұмыс таба алмай, құрылыста сырлаушы болуға тура келді. Ішкі жұмыстарды істедім. Кейде 3 тәулікке дейін дамыл таппай, сырлайтынбыз. Себебі, құрылыста нақты график жоқ. Ал, көлік жуу - құрылыстағы жұмыстан оңай. Таңғы сағат тоғыздан бастап, түнгі 11-ге дейін істеймін. Айлығымызды апта сайын алып отырамыз»" - дейді Ақелік.

Алайда, Ақеліктің де уақытында тамақ ішуге мүмкіндігі бола бермейді.

"Үлгерсең, 1 нанды жұтып үлгересің. Үлгермесең, аш жүресің. Күн суық кезде аяқ-қолым қақсап ауырады. Резеңке етікпен жүреміз. Көлік жуатындардың көбі бронхит болып ауырады. Бір сөзбен айтқанда, сумен жуып, сүрте салатын жұмыс емес. Мен жас болғандықтан көп біліне бермейді. Ал осы жерден нанын тауып жүрген егде жастағы кісілер қаншама... Оларға жеңіл тиіп жатқан жоқ. Бұл жерде жылы су бар, бірақ, негізінен салқын сумен жуамыз. Себебі, қазір қыс, машиналар қатып қалады", - деп түсіндірді Ақелік. 

Басылым мәлметінше, Ақеліктің де Любовь сияқты дипломы, тәмамдаған оқуы бар. Ол – психолог. Алайда, мамандық бойынша жұмыс істеуге құштар емес.

"Кикбокспен 4 жыл айналысып, спорт шебері атандым. Осы жұмысым дұрыс. Адамдармен жұмыс істей алмаймын. Психология мүлдем қызық емес. Отбасыма келетін болсам, әкем өмірден өткен. Анам, інім үшеуміз бірге тұрамыз. Анамның демалғанын қалап, алға талпынып жүрмін. Інім оқуын енді бітірді. Ол да арасында келіп, осы жерде жұмыс істейді", - деді ол.

Ақелік болашақ арманымен де бөлісті. Ол отбасылық кәсіп ретінде асхана ашуды армандайды. Қазір отбасын асырау үшін, жақындарына көмектесу үшін көлік жууды уақытша кәсіп етіп жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902128-raxmeti-zoq-auyr-kolik-zuyp-napaqa-tauyp-zurgen-arular-oz-zumystary-zaily-aitty/

pixel