Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қақпаған есігім қалмады": Қорам ауылында үш жасар қызды қағып өлтірген күдікті 1 жылдан бері табылмаған

Опубликовано:

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы облысы Қорам ауылында үш жасар қыз баланың өліміне себепкер болған күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Үш жасар қыз баланың жол апатынан көз жұмғанын сараптама қорытындысы көрсеткен. Сәбиді көлікпен қаққан әлдебіреу оны қансыраған күйі қараусыз ғимаратқа тастап кеткен.

Тұрғындар жабылып, бүлдіршінді іздеп тапқан кезде тым кеш болған. Қара жамылған ата-ана содан бері істің сағызша созылғанына наразы.

Қайғылы оқиға былтыр 1 мамырда болған. Үш жасар қыз бала кешкі астан соң далаға ойнауға шыққан екен. Ал жарты сағаттан соң ата-анасы қызының жоқтығын байқап, оны іздеуге кіріскен.

Бүлдіршін алты сағаттан кейін бос ғимараттың ішінен түнгі сағат бір жарым шамасында табылған. Оны осында іздеп келген ауыл тұрғындары байқаған.

Куәгерлердің айтуынша, қыз бала жердегі тастардың үстінде қансыраған күйі ес-түссіз жатқан. Тұрғындар бүлдіршінді дереу ауруханаға жеткізіп, ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

Ал екі күннен кейін ата-анасының қызының көз жұмғанын естіген.

Қара жамылған отбасы қыздарын үйдің қасындағы көшеде әлдекім көлігімен таптап, артынша оны өзімен алып кеткен деп болжайды. Себебі, бүлдіршін табылған ғимаратта бастапқыда болмаған. Тек ауыл әкімі үйлерді тінту туралы бұйрық бергенде, күдікті бүлдіршінді дереу сонда апарып тастаған болса керек.

"Үй-үйді тексерейік, үй-үйді тінтиік деген кезде, сол кезде барып табылып отыр ғой. 5-10 минуттың аралығында", - дейді қыз баланың әкесі Қуан Ырыздық.

Ал бүлдіршіннің өліміне себепкер болған адам әлі күнге дейін табылмаған.

"Көліктен өлген деп шығарды. Міне, осы уақытқа дейін қақпаған есігім қалмады. Бәріне бардым. Тергеушіден тергеуші ауыса береді. Не сонда, баланың өлімі ойын ба?! Ай сайын осыған дейін 7-8 тергеуші ауысты. Қызылтудағы Медет Аязбаев "Біз күдікті табылмағаннан кейін істі жабамыз" деді", - дейді анасы Перизат Өтелбаева.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана іс жылы жабылып қала ма деп күдіктенеді. Ал полицейлер күдіктіні "іздеп жатқандарын" айтады.

"Кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Кешенді медициналық криминалистік сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы дайын болғанда, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қапыда перзентінен айырылғандар кінәлі тиісті жазасын алса дейді. Өйткені мұндай жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.

Дереккөз: КТК арнасы

Естеріңізге сала кетсек, таяуда дәл осы Қорам ауылында көлік тізгініне мас күйінде отырған ер адам төрт мектеп оқушысын қағып кеткен еді.

Олардың екеуінің жағдайы әлі ауыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902588-almaty-oblysynda-us-zasar-qyzdy-qagyp-oltirgen-kudikti-izdestirilude/

pixel