RU

Алматы облысында мас жүргізуші төрт оқушы қызды қағып кетті

Мас көлік жүргізушісі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматы облысында мас жүргізуші жол жиегіндегі төрт оқушы қызды қағып кетті деп хабарлайды zakon.kz.

Оқиға 2 наурыз күні сағат 18.40-та Қорам ауылында болған.

"Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылының 54 жастағы тұрғыны мас күйінде (орташа дәрежедегі) "УАЗ" көлігін басқарған. Ер адам Қорам ауылында Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Абай көшесімен қиылысында оқушы қыздарды қағып кетті: ол жолдың шетінде тұрған екі 8 жасар және екі 9 жасар қызды қаққан", - деп хабарлайды полиция өкілдері.

Жол апаты салдарынан үш қыз бала түрлі дене жарақаттарымен Шелек аудандық ауруханасына жеткізілген. Жүргізуші медициналық айықтырғыш пунктіне орналастырылған.

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы 2-бөлігі (Алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру) дерегі бойынша тергеу жүргізілуде.

Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Еске салсақ, бүгін Щучинскте қызметтік "Нива" көлігімен соқтығысқан Lexus жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты.

Жантүршігерлік жол апатының салдарынан екі бірдей полиция қызметкері қаза тапқан болатын.

Ол 15 жылға бас бостандығынан және өмір бойына көлік айдау құқығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901732-almaty-oblysynda-mas-zurgizusi-tort-oqusy-qyzdy-qagyp-ketti/