Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Депутаттар популистік сандырағын қойсын": Этнограф тоғызқұмалақ пен асық пәнін енгізу туралы не дейді

Опубликовано:

Серік Ерғали мәдениеттанушы
Скриншот: azattyq-ruhy.kz

Депутаттардың тоғызқұмалақ пен асық атуды мектепке міндетті сабақ ретінде енгізу туралы сауалы қазақстандықтардың басын қатырып қойды. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Олардың тең жартысы қуанғанын білдірсе, қалғаны қарсы шықты. Белгілі этнограф Серік Ерғали бұл идеяға қатысты өз ойын айтты. Ғалымның сөзінше, аталған ойындар оқу бағдарламасына енетіндей спорт деңгейіне әлі жеткен жоқ. Ол депутаттардың сауалын саясатқа айналдырмай, ойындарды ғылыми тұрғыда зерттеу керегін алға тартады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали мектептерде сабақ ретінде аталған ойындарды енгізуге қарсы емес екенін жеткізді. Алайда ол халықтың басын қатырмай, алдымен ұлттық ойындарды толық зерттеп, ғылыми негіздеуді жөн санайды.

"Қалғып-шұлғып отырған депутаттардың сауалын бірден жоғарыдан науқандатып, саясатқа айналдыруға болмайды. Оны ғылыми негізде зерттеу керек. Керісінше олар білім беру институттарына сауал тастау керек. "Әй, сендер не істеп отырсыңдар, мынаны зерттедіңдер ме, қандай пайдасы бар екен дегеннің орнына ананы-мынаны енгізу керек деп өздерінің популистік сауалын депуттатық мінберінен жолдай салады. Сосын халықтың басы қатып отырады", - дейді ол.

Серік Ерғали ұлттық ойындардың ешбірі спорт деңгейіне жетпегенін алға тартады.

"Аталған ойындар спорт дәрежесіне жеткен жоқ қазір. Ал спортқа жеткізу үшін оны жан-жақты дамыту керек. Оның техникалық жағына, ережелеріне, өндірістік жағына мән беру керек. Сондықтан бұларды сабақ ретінде өтуге әлі ерте. Ұлттық ойын мен спортты біздің осы сала мамандары түсінбей шатастырып жүр.

Мысалы, әлі күнге дейін тоғызқұмалақтың дұрыс тақтасы жоқ. Стандартталмаған. Қазіргі тоғызқұмалақтың ағашқа немесе пластмассаға басылған тақталары өте ыңғайсыз. Пластмассадан жасалған тақтасы мысалы отырған жерді жаңғыртып, ойыншының құлағын тындырып, ойнауға ешқандай мүмкіндік бермейді. Ағашқа басылған тақтаның пішіндері, отаулары ыңғайсыз.

Тоғызқұмалақ ойынының аты әлі күнге бекітілмеген. Бұл жайында мен мақалалар жаздым. Мысалы Қазақстан бұл ойында "тоғызқұмалақ" деп атаса, қырғыздар "тоғызкоргоол" дейді. Екеуі екі жаққа тартып келе жатыр. Осы тартыстың кесірінен ол жалпы түркінің ойыны, спорты ретінде дамымай отыр. Әрине федерация бар, 20 жылдан астам жұмыс жасап келеді. Ақша бөлініп келе жатыр. Бірақ спорт деңгейіне жетпей отыр.

Оған жету үшін техникалық, өндірістік жағы қамтылу керек. Енді оны жалпы түркінің ойыны деп, қалпына келтіріп, дамытудың орнына біреуі ұлттық ойын дейді, біреуі қырғыздыкі деп бір-бірімен санасып, аймақтық деңгейден аса алмай, спорт деңгейіне көтерілмей келеді", - деген пікірде Серік Ерғали.

Ғалымның айтуынша, асық ату мен қазақ күресі де сол шамалас деңгейде келе жатыр.

"Асық та ұлттық деңгейдегі элемент түрінде нақты қолға алынып, мәдениеттің бөлшегі ретінде қалыптасқан жоқ. Қазақ күресі де сондай.

Оның атын қазақ күресі деп атау күресті шектейді. Күрес әрине қазақ халқының күресі. Бірақ жалпы күрестің мазмұны барлық түркі халықтарына тән ортақ, ол татар, өзбек, қырғыздар да бар. Бірақ қазақ күресі деген атау "қазақ еместердің барлығың әрі тұрыңдар" дегендей бір түрлі естіледі. Атауы жалпы спортқа тән емес .

Күресті жыл сайын екі үш рет қана үлкен деңгейде насихат түрінде өткізеді, ал оның ішкі дамуы, спорт ретінде инфрақұрылымдары толық жетілмеген. Бұндай жағдайда аталған ойындарды ала сала мектепке кіргіземіз деу бос даурықпа, құрғақ насихат болып шығады. Бұны жаңағыдай астынан бастап, қалыптастырып, ретке келтіру керек.

Қазір шахмат спорты оқыту бағдарламасына еніп кетті. Шахматтың дамығанына ешкімнің шүбәсі жоқ. Оқыту әдістемесі жоғары деңгейде қалыптасқан, әлемдік ақыл-ой спорты ретінде танылған. Ал оған қарсы мынадай "ары тарт та бері тарт" күйдегі тоғызқұмалақты қарсы қою күлкіге қалдырады. Бірақ мына түрінде алқам-салқам, етек-жеңін жинамай мектептерге енгізе салсақ, ертең жарты жолда қалып қояды, мәселесі көбейеді", - дейді ол.

Серік Ерғали сабақ ретінде оқытылатын ұлттық ойындарды Ыбырай Алтынсарин атындағы академия зерттеу керек деген пікірде.

Этнограф аталған ойындарды мектепте оқуға қарсы болған желідегі оқырман ойына уәж айтты.

"Жаңа технологияны да мектепте оқыту керек деген оймен келісемін, сөзінің жаны бар. Бәрі қатар жүру керек. Мысалы жапондар өздерінің ұлттық құндылығын ешқашан тастаған жоқ. Жапония дамып кетті. Бірақ олар әрқашан жаңасын да, ескісін де қатар алып келеді. Ескіні жаңа заманға лайықтайды. Оны дамытады. Ал біз сол күйінде алып, сол күйінде кіргізіп жібермекшіміз", - дейді мәдениеттанушы.

Серік Ерғали мектепте тоғызқұмалақ пен асық атуды оқыту идеясын ұсынған депутаттарға халықты адастырмауға үндеді.

"Депутаттар мынадай популистік сандырағын қойсын. Оның орнына дұрысы ғылыми мекемелерге ақша бөлсін, жағдай жасасын, ойындарды спортқа айналдыратын қаражатты бюджетке салдыртсын. Міне сонда мектепке ол өзінен-өзі еніп кетеді", - дейді Серік Ерғали.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902640-deputattar-populistik-sandyragyn-qoisyn-etnograf-togyzqumalaq-pen-asyq-panin-engizu-turaly-oiyn-aitty/

pixel