RU

"Қазақалтын" шотынан 1,5 миллиард теңге ұрлаған күдіктілер қолға түсті

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ

"Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинаты акционерлік қоғамының шотынан 1,5 миллиард теңге ұрлаған күдіктілер қолға түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, осы жылы 23-ақпанда Қазақалтын" ТКМК" АҚ өкілдері компанияның шотынан 1 миллиард 533 миллион теңге ұрлау фактісі бойынша полицияға жүгінген.

Аталған қылмысты ашу үшін криминалдық полиция және тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылғаны белгілі болды.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі "Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Айта кетейік, оның санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Полиция дерегінше, жедел-іздестіру шаралары барысында ағымдағы жылғы 26 ақпанда полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында екі күдіктіні қолға түсірді.

Оның бірі 37 жастағы қаржы бөлімінің қызметкері болса, екіншісі оның 38 жастағы азаматтық некедегі күйеуі.

Күдіктілерге қатысты сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу органы тергеу шеңберінде залалды өтеуді қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

Сонымен қатар ведомство тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жарияланбайтынын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902721-qazaqaltyn-sotynan-15-milliard-tenge-urlagan-kudiktiler-qolga-tusti/