RU

Елімізде гранттағы студенттер енді оқудан кейін 3 жыл мамандығы бойынша қызмет етуі тиіс

Студент
Көрнекі сурет: pixabay.com

2021 жылы университет бітіретін студенттерді, магистранттарды және докторанттарды тосын сый күтіп тұр. Егер олар грантта оқыған болса, онда 3 жыл бойы өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі. Бұрын мұндай норма тек жас оқытушылар мен дәрігерлерге қатысты болатын, енді мемлекет есебінен бакалавриат, магистратура және докторантурада оқығандардың барлығы, мамандығына қарамастан, өз саласында кемінде үш жыл қызмет етуге міндетті болмақ деп хабарлайды zakon.kz.

Осы жылдың басында грант иегерлеріне ЖОО-ны бітіргеннен кейін өз саласы бойынша жұмыс істеуге міндеттелетіні туралы хабарлама келе бастаған.

Портал тілшілері осы орайда Білім және ғылым министрлігіне ресми сауал жолдаған.

Вице-министр Мирас Дәуленов қол қойған құзырлы мекеменің жауабын назарға ұсынамыз.

- Қай жылы ЖОО-ға грантпен оқуға түскен түлектер өз мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек?

  • 2012 жылдан бастап педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша квота шеңберінде оқуға түскен түлектер;
  • 2016 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен түлектер;
  • 2019 жылдан бастап квота шеңберінде қабылданған және Қазақстан Республикасының үкіметі айқындаған аймақтарға көшетін ауыл жастарынан шыққан түлектер;
  • 2021 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтарда оқыған түлектер.

- Егер студент грантта оқып жүріп өз мамандығы бойынша жұмыс істеген болса, бұл жұмыс өтілі үш жылдық жұмыс істеу міндеттемесін өтеуде есепке алына ма?

- Жұмыс істеу міндеті оқу орнын бітіргеннен кейін ғана күшіне енеді.

- Жұмыс істеу міндеттемесін өтегендер құжатты қайда тапсыруы керек?

- Жұмыс істеу бойынша міндеттемелердің орындалуын бақылау немесе жұмыс істемеген жағдайда бюджет қаражатын өтеуді бақылау білім беру саласындағы уәкілетті агент - "Қаржы орталығы" АҚ-на жүктелген.

- Студент оқуын бітіргеннен кейін магистратураға грантқа түсе ала ма, әлде ол 3 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана магистратураға түсе ала ма?

- Заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде магистратура, докторантура, резидентураға одан әрі оқуға түскен адамдарды жұмыс істеу міндетінен босату мүмкіндігі жас мамандарды жеке тағайындау бойынша комиссияның шешімімен беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902874-elimizde-granttagy-studentter-endi-oqudan-keiin-3-zyl-mamandygy-boiynsa-qyzmet-etui-tiis/