Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жақсы өмірден ешкім баласын тастап кетпейді": Ақтөбелік тәрбиеші балалар үйін бақыт мекеніне айналдырды

Опубликовано:

Ақтөбе облысындағы балалар үйі
Фото: Жеке мұрағаттан

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында отбасы үлгісіндегі балалар үйі «бақыт мекені» атанып кеткен. Шағын орталықта он бала тәрбиеленеді. Әртүрлі ұлт өкілдерінің балаларына қазақы тәрбие беріп, бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай етіп отырған Мәртөк ауданы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің ана тәрбиешісі Гүлнұр Бекжанова KAZ.NUR.KZ-ке сұқбат берді.

"Мұнда әртүрлі қиын жағдайда ата-анасыз қалған балалар тәрбиеленеді. Тамақты өзіміз дайындап, өзіміз үй жинаймыз. Қысқасы, бір отбасы секілді тұрамыз. Бастапқы кезде балаларды үйдің шаруасына үйрету қиын болды. Шәй-тамақтарын өздері дайындауға қиналатын. Қазір әрқайсысы өз жұмысын біледі" ,- дейді Гүлнұр Бекжанова.

Бұл облыста ашылған отбасылық үлгідегі бірінші балалар үйі. Ерекше мекеменің ана тәрбиешісі Гүлнұр Базарбайқызы мұнда 2016 жылы орталық ашылғаннан бастап жұмыс жасайды. Қамкөңіл балалардың маңдайынан сипап, балаларға қазақы тәрбие беріп отыр.

Ақтөбе облысындағы балалар үйі
Фото: Жеке мұрағаттан
"Жауапкершілігі үлкен, ауыр жұмыс. Балалардың тағдырын ойлап қиналасың. Оларға бауыр басып қаласың. Біздің орталықтан кейінгі өміріне де жауапкершілікті сезінесің. Балаларыма мені «мама» деп айтыңдар деп талап қоймаймын. Балалар өздеріне ыңғайлы «Гүлнұр Базарбаевна», «апай» деп айта береді. Көбіне балалар бітіріп кеткеннен кейін "мама" деп хабарласады. Анасындай көретінін сеземін. Өскен үйді сағынады. Студенттерім үнемі хабарласып, ақылдасып отырады. Осында қалған балаларды бауырындай сағынып, жағдайын сұрайды" ,- дейді ол.

Жас ана қамқорлығындағы әр баланың өнерлі екенін ерекше қуанышпен жеткізді.

"Аллаға шүкір, орталықтан ешкім қашып көрген жоқ. Үй жағдайындағы орталықты басында өздері қызық көрді. Балалар үйден мектепке, үйірмелерге, түрлі спорт орталықтарына барады. Балалардың бәрі өнерлі. Өзге ұлт өкілінің балалары да домбараның құлағында ойнайды, қазақ тілінде таза сөйлейді. Баланың бәрі талантты. Оларды кішкентай кезден түрлі үйірмелерге сүйреп, икемінін байқап, соған қарай дамытамын. Көзім жеткені - балаға қанат берсең олар құстай самғайды" ,- дейді тәрбиеші.

Ақтөбе облысындағы балалар үйі
Фото: Жеке мұрағаттан

Орталықтағы әр баланың қиын тағдыры бар.

"Өткен жылы диагнозы бар 4 жасар ер бала болды. Кіп-кішкентай бүлдіршіннің тағдыры аянышты. Ол балаға арнайы маман керек болған соң мүгедек балаларға арналған "Жайна" орталығына ауыстырдық. Анасы бар. Балаға ананың мейірімі түспеген. Үйде отырған баланың өзіне көңіл бөлмесең, жылап, ашуланып мінезі өзгереді емес пе?. Бұл баланың дамуында ауытқу болды. Балаға аяғы ауыр кезде шешесі ішімдікке салынған. Бала қараусыз қалған. Тағдыры өте қиын, аянышты, қимайсың. Шүкір мемлекет қарап жатыр, кез келген мекемеде жағдай жасалған. Тек өкініштісі - туған анасының мейірімі жоқ" ,-дейді әр баланың тағдыры үшін жаны ауырған тәрбиеші.

Ақтөбе облысындағы балалар үйі
Фото: Жеке мұрағаттан

Өздерінің туған ата-анасының мейірімін көрмей өскен әрбір баланың тағдырына алаңдаған тәрбиеші тағы бір оқиғамен бөлісті.

"Мектеп бітіріп, ЖОО-ға түскен балам бар. Өте еңбекқор жанып тұрған бала. Бізге Алға балалар үйінен келді. Өздері ағайынды үшеу болған. Ол үш жасынан балалар үйінде тәрбиеленген. Ағасы мен апасы бар. Біздің ауданның тумасы. Мамасын тапты. "Қалай араласамын", "арамызда ортақ тақырып жоқ" деп балам кішкене қиналды. Мамасы орыс, әкесі қазақ болған. Орыс келіншекті әкесінің отбасы қабылдамаған. Үш баласымен жалғыз қалады. Келіншектің өзі де балалар үйінде тәрбиеленген. Сол жылдары әкесі сотталып кетеді. Әжесі орыс келіншекті қабылдамайды. анасы үш баламен 90 жылдардағы қиын кезде жалғыз қалған.

Ортада үш қазақтың баласы далада қалды. Қазір балам әкесі, анасы, әжесімен де араласады. Оған әр тағдырдың қателігі бар екенін түсіндіруге тырыстым. Жақсы өмірден ешкім баласын тастап кетпейді. Кешірім беру -әр адамның өзіне керек. Өмір бойы ата-анасына деген ренешті жүкті қылып тасып жүру керек емес. Оның басына түскен жағдайды білмесіңдер, сондықтан ата-анамен кездесу мүмкіндігі болса кешіріңдер деп айтып отырамын. Бізде осындай ата-анамен байланысты ауыр тақырыптар көп" ,-дейді Гүлнұр Бекжанова.

Ақтөбе облысындағы балалар үйі
Фото: Жеке мұрағаттан

Отбасы жағдайында тәрбиелеуге арналған мекеме балаларды 3 жастан бастап, мектеп бітіргенше 17-18 жасқа дейін қамқорлыққа алады. Әрі қарай балалар "Мейірім" жастар үйінде 29 жасқа дейін тегін тұра алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903198-zaqsy-omirden-eskim-balasyn-tastap-ketpeidi-aqtobelik-tarbiesi-balalar-uiin-baqyt-mekenine-ainaldyrdy/

pixel