Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құл сияқты жұмыс істедік": Ақтөбеде тиісті ақысын алмаған кәсіпкерлер наразылығын білдірді

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Еуразия бірінші арнасы

Ақтөбеде маңдай терімен тапқан ақшасын екі жылдан бері ала алмай жүрген ақтөбелік кәсіпкерлер облыстық әкімдікке келді. Олар шенеуніктерден еңбекақысын өндіріп беруді сұрап отыр деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Алыстан ат терлетіп ауылдан келген кәсіпкерлер облыстық әкімдікке лап қойды.Олардың бірі ауыр техникасын, енді бірі су таситын көлігін жалға берген.

Ал компания 40 шақырымға созылатын жолды жөндеуі тиіс болған. Оған бөлінген қаржы да қомақты.

"Қазавтожол" компаниясы Ақтөбе филиалының басшысы айтқан сома 9 млрд теңгеге жуық. Алайда, кәсіпкерлер соңғы екі жылда техникалары үшін компания бақыр тиын да бермегенін айтады.

"Құл сияқты жұмыс істедік. Енді сол еңбегімізді өзімізге бермей тұр ғой, ақ-адал еңбегімізді. Келісімшартқа отырдық, келісімшарт бар. Келесі апта деді, келісі айда болады деді. Содан бері екі жыл болды. Енді кімге айтарымызды білмейміз. Бұл компания Ақтауда болған, алдап кеткен деп естіп жатырмыз", - дейді кәсіпкер Қайрат Шәуметиев.

Ал жергілікті тұрғын Рахметолла Бақытов болса тиісті ақшасын ала алмай жүрген 35 адам бар екенін жеткізді.

Оның сөзінше, компания кәсіпкерлерге 169 млн теңге берешек.

"Ертең-ертең деп бізді шаршатып жіберді. Техникаларымның салығын да төлей алмай отырмын. Өзім жұмыссызбын. Пенсияға бір жылым қалды", - дейді кәсіпкер Рахметолла Бақытов.

Ал "Қазавтожол" компаниясы өкілі жол жөндеуші компанияның жалақы жөнінен қарызы жоқ екенін мәлім етті.

Қазір тек техника мен дизельді отын және инертті материалдар үшін кәсіпкерлер алдындағы берешегі бар екен. Жалпы сомасы 1 миллиард 285 миллион теңге. Олар қосымша шарт жасап, ақпан айында қарыздың 50 пайызын өтейтіндерін айтқан. Алайда бәрі уәде күйінде қалғанға ұқсайды.

"Біз оларды сотқа бере алмаймыз. Бұл екі ЖК және кәсіпкер, екі кәсіпкерлік субъектісі арасындағы жағдай. Қазіргі жағдай бойынша "СПИК Аккорд" осы жұмыстарды бітіреміз деп міндеттеме алып отыр. Менің ойымша, егер компания осы жұмысты бітіретін болса, онда қарыздары төленеді деп саналады", - дейді "Қазавтожол" ҰК" АҚ облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

Марат Махамбетов Ақтөбе-Атырау бағытындағы жолдың Қарауылкелді-Ноғайты учаскесіндегі жөндеу жұмыстары 80 пайызға аяқталғанын айтады. "Қазавтожол" өз тарапынан аяқталған жұмыстар үшін есептескен. Қазір жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Компания қаражат жоқтығын алға тартқан. Жағдайдан облыстық әкімдіктегілер де хабардар екен.

"Облыс басшысы тарапынан министрлікке, мен өзімнің тарапымнан комитет басшысына осы мәселені тездетіп шешу бойынша әңгімелесулер жүргізгенбіз", - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Облыс әкімдігіндегілер "СПИК Аккорд" компаниясы биыл жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Ведомство компанияға ең бірінші кезекте қарыздарын өтеу жөнінде талап қойылатынын хабардар етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903485-qul-siyaqty-zumys-istedik-aqtobede-tiisti-aqysyn-almagan-zumyssylar-narazylygyn-bildirdi/