Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Етпетінен жатып іс тігетін елордалық жігіт "жалақы аз, жұмыс жоқ" дейтін жандарға кеңес берді

Опубликовано:

Аслан Искаков
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Елордалық Аслан Искаковқа мүмкіндігі шектеулі деген сөз жараспайды. Үш жыл бұрын балабақша жасындағы екі қызынан қызылша жұқтырған офицер арбаға таңылам деп мүлде ойламаған. Бүгінде бірінші топ мүгедегі он екі мүшесі сау кей замандастарынан оза шауып келеді. Ол қолынан іс келетінін дәлелдеп үлгерді. Екі баланың әкесі үйінде бос жатпай, іс машинасымен жұмыс істеуді үйреніп, кәсіптің көзін тапқан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аслан Искаков бұрынғы әскери қызметші. Жасы 31-де. Капитан шенінде қызмет атқарып жүрген ол 2018 жылы балабақшадағы қыздарынан қызылша ауруын жұқтырып алады. Асланның айтуынша, бала кезінде мұндаймен ауырып көрмегендіктен, дерт асқынып, жүйке жүйесіне зақым келген.

Аслан Искаков
Фото: Аслан Искаковтың жеке мұрағатынан

"Екі қызым ауырды. Кәдімгі қызылша болды. Маған екі аптадан кейін жұқты. Басында қызылшаға тән бөртпе шықты, қызуым жоғарылады. Бес-алты күн солай жаттым. Алтыншы күні аяқтарым шамалы ұйып тұрғандай болды. Кіші дәретке бара алмадым. Содан басталды. Ауруханаға жатқызды. Аяқтарым ұйығаны асқынып, кіші дәретім шықпай, қиналдым. Ауруханаға түскен күні (жұма күні еді) мені инфекциялық бөлімге жатқызды.

Неврологияға тек дүйсенбі күні ауыстырды. Ол кезде жүріп жүргем, тек аяқтарым ұйып, әлсіздік сезіндім. Содан реанимацияға түсіп, 27 күн арпалыстым. Дәрігерлер жүріп кетуіме әлі мүмкіндік бар дейді. Уақыт керек", - дейді Аслан Искаков.

Аслан Искаков
Фото: Аслан Искаковтың жеке мұрағатынан

Жұбайы Жансаяның айтуынша, Аслан Алматыдағы ауруханада бес ай болған. Одан соң емін жалғастыру үшін астанаға көшуге тура келген. Аслан үкіметтен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Ал Жансая күні бойы Асланның жанында, одан бөлек екі қызын мектеп пен балабақшаға тасиды.

Асланның сөзінше, бастапқыда оған арбаға отыру туралы ойды қабылдау психологиялық тұрғыда қиын болған.

"Қойшы, бәрін тастаймын" деген ой болды. Жата беріп те жалығасың. Бір нәрсемен айналысайын, көрейін, осы жатқанда қолымнан бірдеңе келер деп жүргенде, ұсыныс түсті. Жансаяның әпкесі тігін машинасын сатып алыпты. Үйінде төрт-бес іс машинасы бар екен. Олардың арасында кестелеп тігетін бір машина бос тұр екен. Соны бізге берді. Нар тәуекел деп бастап кеттік", - дейді Аслан.

Аслан Искаков
Фото: Аслан Искаковтың жеке мұрағатынан

Аслан арбаға таңылғалы бері өмірге көзқарасы 180 градусқа өзгергенін алға тартады. Ол "жалақы аз, жұмыс жоқ" деп бос жүрген замандастарына табыс табуға мүмкіндік көп екенін айтады.

"Адам оқыса, кез келген жұмысты алып кетеді. Үйреніп алсаң, ары қарай өз қиялыңмен неше түрліні құрастырып, істей бересің. Ең бастысы ниет, ынта болса болды. Кейбір адамдарды көресің, жұмыс істемейді, бос. Соларды көріп, кейде қынжыласың. Жай ғана мысал. Ауруханаға барғанда арбада отырғандықтан, пандусқа мінемін. Сол кезде алдымнан аяқ-қолы сау адамдар шығып қалады. "Аяғың бар ғой, баспалдақпен жүрсеңші, сенің орныңда болсам пандусқа жоламаушы едім", - деп айтқым келеді", - дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде Аслан кәсібінің нәсібін көріп отыр. Оған қазір етпетінен жатып іс тіккен ыңғайлы.

Аслан Искаков
Фото: NUR.KZ

Ол орамалдарға, үй халаттарына, басқа да текстильге адам аттарын жазып, сурет те салып береді. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, өнімдерін сатады.

Аслан осындай жағдайда жанынан табылған барша жанға алғыс айтады. Әсіресе қиын кезде демеу болған жан жары Жансаяға деген құрметі ерекше.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903674-etpetinen-zatyp-is-tigetin-elordalyq-zigit-zaryma-algys-aitamyn/

pixel