Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда Glovo курьері үш айлық бала жатқан бесікарбаны қағып кетті: Сәби ауруханада (видео)

Опубликовано:

Курьер
Видеодан кадр: kris.p.original

Алматыда Төле би-Брусиловский көшелерінің қиылысында мопед жүргізушісі кішкентай бала жатқан бесікарбаны қағып кетті. Зардап шеккен сәби ауруханаға жеткізілді. Ал оқиға орнынан қашып кеткен жігіт көп ұзамай қолға түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш жайт көше қиылысындағы бейнебақылау камераларына жазылып қалған.

Кадрдан бесікарба сүйреген келіншектің жолдан өтуге талпынғанын байқауға болады. Осы уақытта бесікарбаны мопед қағып кетеді. Бұл сәттің видеосы Instagram желісіндегі kris.p.original паблигінде пайда болды.

Алматы қаласы полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов аталған жол-көлік оқиғасы бойынша істі Алмалы аудандық полиция басқармасы қарап жатқанын хабардар етті.

Полицейлердің мәліметінше, жол апаты 16 наурызда түскі уақытта болған.

"Төле би көшесімен шығыс бағытта келе жатқан мопед жүргізушісі Брусиловский көшесімен қиылыста үш айлық бала жатқан бесікарбаны қағып кеткен", - дейді Шәріпов.

Оның сөзінше, бесікарбаның ішіндегі сәби зардап шеккен. Нәресте балалар ауруханасына жеткізілген. Ал күдікті оқиға орнынан ізін суытқан.

Дегенмен ол көп ұзамай ұсталған. 1983 жылы туған азамат жазадан қорқып, қашып кеткенін мойындаған. Ер адам Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров күдіктінің оқиға орнынан бой тасалағаны жазаны ауырлататын жағдай екенін атап өтті. Бұны сот органдары шешім шығарар кезде ескеретінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әжесі мен немересін жүк көлігі қағып кеткенін жазған едік. Олар №4 қалалық ауруханаға жеткізілген. Ал жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904181-almatyda-glovo-kureri-us-ailyq-bala-zatqan-besikarbany-qagyp-ketti-sabi-auruxanada-video/

pixel