"Ата-анамды сағындым": Әскерден қашқан сарбаз неліктен бұндай қадамға барғанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз ұсталды. Ол Тараздан 40 шақырым жердегі мал ұстайтын қоралардың бірінде жасырынып жатқан. 19 жастағы жігіт бес күн бойы мал бағып, төрт түліктің қасында түнепті. Ал әскерден қашуын "ата-анамды қатты сағындым" деп түсіндірді деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Теміржолға түстім, сосын адасып Ақыртөбеге жаяу бардым. Сол жақта малшы болып жүрдім. Ол жақта тамақ, үй – бәрі тегін. Сосын күнде-күнде үш-төрт мың теңге тауып, үйге барып ата-анама сыйлық алып, қайтып келем бе деп ойладым", - деп жағдайды баяндады №8595 әскери бөлімінің сарбазы Нұрасыл Арысбаев.
Оның бес күн бұрын әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі.
Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз тәуліктік кезекшілікте тұрғанда түнделетіп бой тасалаған.
Басында Алматы қаласына қарай бет алған деген де ақпар бар. Бірақ кейін туған жері Шымкентке баруды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта Нұрасыл Арысбаевтың қашу себебін полиция департаменті жан жақты тексеруде. Әскери бөлімнің қызметкерлері бес күн бойы іздеуде болған сарбазға қатаң жаза қолданылмайды деп сендірді.
"Әскери бөлімді не себепті өз еркімен тастап кеткені жөнінде және оған қатысты процессуалдық іс-шаралар жүргізу үшін іс құзырлы органға тапсырылды. Оған әкімшілік жаза қолдануы ықтимал", - деді №85395 әскери бөлім командирінің орынбасары Бауыржан Дүйсенбаев.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905469-ata-anamdy-sagyndym-askerden-qasqan-sarbaz-nelikten-bundai-qadamga-barganyn-tusindirdi/