Мемлекет басшысы Қабдеш Жұмаділовтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты
Жарияланған күні:
Президент жазушы Қабдеш Жұмаділовтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады.
"Қабдеш Жұмаділұлының қаламынан шыққан туындылар дәуірдің жүгін, замана келбетін, қоғамның үнін айқын көрсете білген еді. Соның ішінде қилы кезеңді бастан кешкен халықтың тағдырын арқау еткен романдары мемлекет және қалың көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Қарымды қаламгер еліміздің рухани саласын дамытуға мол еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің өмірден өткені белгілі болды. Бұл ақпаратты Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек растады.
Қаламгер "Қазақ әдебиеті" газетінде (1965–1967), "Жазушы" баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарған.
Қабдеш Жұмаділов"Соңғы көш", "Бақыт жолында", "Атамекен", "Тағдыр", "Дарабоз" сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906307-memleket-bassysy-qabdes-zumadilovtin-otbasy-men-tuystaryna-konil-aitty/