Қазақстандықтар Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салды (фото)
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Басылым мәліметінше, қаламгер тұрған үйдің алдына 200-ге жуық адам жиналған.
Олардың арасында Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, сонымен қатар марқұмның туыстары мен ұлы Арман Қабдырашитұлы болды.
Қоштасу рәсімінде алғашқы сөз Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берілген. Ақын өз сөзінде Қабдеш Жұмаділовтің өткен ғасырдың екінші жартысында бір топ қазақты соңынан ертіп, атамекенге оралғанын ерекше атап өтті.
"Бүкіл ғұмырын еліне, жұртына арнаған, қаламының қарымын өз жұртына жұмсаған нағыз жазушы, қара қылды қақ жарған әділ адам, қажымас қайсар күрескер, ақиқат пен шындықтың жолында ғұмырын сарп еткен ұлттың абыз ақсақалы дәрежесіне көтерілген абзал ағамыз еді. (...) Шекарадан Қажытай ағам (Қажытай Ілияс – ред.) екеуі ғана өтіп қоймай, соңынан қаншама жүз мың адамды ілестіріп келіп, өзі "Соңғы көш" деп ат қойған көш алып келіп еді. Қазақ деген халықтың қатарын толтырып, кемістігін, олқылығын толтырып, санын көбейтіп, сапасын арттырды. 1950-60 жылдары келген қазақтың ұрпақтары керемет биіктерге, мемлекеттің туын тігіп, іргесін бекітуге, тәуелсіздіктің нығаюына еңбек сіңірді", - деді Ұлықбек Есдәулет.
Ол сондай-ақ, Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретінде ерекшелігін атады.
"Ол кісінің басқа жазушылардан ерекшелігі – бір дәуірді ғана емес, бірнеше дәуірді қамтып жазды. Арғы тарихты, бергі тарих пен бүгінгі күнді жазды. Ол кісінің айқасып-шайқасып араласпаған саласы жоқ. Қазақтың құлап бара жатқан бір шаңырағын түзетсем, қисайып бара жатқан арбасын түзетсем деген үлкен ниетін іске асырып кетті. Айтқанын істеп, атқанын тигізді, дегеніне жетті деп ойлаймын. Ол кісінің жете алмағаны болса, осында тұрған ұрпақтары сіздер жеткізесіздер", - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы.
Қаралы жиында мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту хатын хатын оқып берді.
Ал парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қаламгердің Мұхтар Әуезовке ұқсас тұстарын айтып, қазақ әдебитіндегі алыптардың тұяғы деп атады.
Ол сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық жағдай болмаса, театр ішіне сыймай асыл ағамен қоштасар едік деп өкінішін жеткізді.
Еске сала кетсек, кеше Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің өмірден өткені белгілі болды.
Саналы ғұмырын әдебиет пен қазақ тіліне арнаған қаламгер 11 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме жазған.
Қабдеш Жұмаділовке 1998 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді. 1990 жылы "Тағдыр" романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.
Марқұмның сүйегі өзінің аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты – Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906492-qazaqstandyqtar-qabdes-zumadilovti-aqtyq-saparga-sygaryp-saldy-foto/