Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Боксшы Жанқош Тұраров коронавирус жұқтырды

Опубликовано:

Жанқош Тұраров
Фото: Instagram/zhankoshturarov

Отандық танымал боксшы Жанқош Тұраров үшінші сәуірге жоспарланған жекпе-жегіне қатыса алмай қалды. Спортшының коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсетіп, ол бірден оқшаулануға кеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жанқош Тұраров COVID-19 салдарынан өзі асыға күткен жекпе-жегін өткізе алмады. Кездесуге санаулы күндер қалғанда боксшыдан коронавирус анықталып, оның жоспарларын құртқан. Бұл туралы спортшының өзі Instagram парақшасында хабарлады.

Бүгінде отандасымыз Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр. Турнир үшін Дубайға арнайы ұшып барған Тұраров күтпеген жерден орын алған жайттарға байланысты сол жерде оқшаулануда.

"Турнирде өкінішке орай өнер көрсете алмадым. Барлығы дүние жүзін жаулап тұрған короновирусқа байланысты. Дубайға келген күннен бастап ентігу, температура, мұрынның бітуі, дәм сезбеу симптомдары пайда болды.Турнирге шығар алдында міндеттелген ПЦР тест оң нәтиже көрсетіп, мені қонақ үй номерінде оқшаулады. Салмақ өлшеу рәсіміне шығарылмауымның себебі осы болды! Бірақ ештеңеге қарамастан номер ішінде де скакалка секіру, жүгіру арқылы жаттығуды тоқтатпай өз формамды ұстап , бекітілген салмаққа жетіп, оқшауланған күйде номер ішінде салмақ өлшеу рәсімін өткіздік.
COVID-19 қайтадан ПЦР өткізуді өтіндік, өкінішке орай бүгінгі нәтиже тағы да "оң" көрсетті. Айналама, қоршаған ортама деген жауапкершілікті сезіне отырып, коронавирустың тез жұқпалы екенін ескере отырып турнирден шектетілдім. Егер дәл осы диагноз болмағанда қазіргі жағдайыммен-ақ маған 3 раунд та жеткілікті еді. Бірақ амал қанша, барлығы бір Аллахтың қалауы. Бүкіл әлемді дүрліктіріп тұрған мына дерттен аман болыңыздар! Ауырмаңыздар" , - деп жазды Тұраров.

Айта кету керек, бір апта бойы оқшауланып жатқан спортшы бүгінде өзін жақсы сезінуде. Оның қайта тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен.

"Шүкір Аллаға, өз-өзіме келіп қалдым. Мен сияқты бір орында отыра алмайтын адамға Изоляцияда отыру өте қиын нәрсе екен. 1 апта уақыт 1 ғасырдай өтті. Арабтарда тәртіп қатаң екен, бүгін ем-домымды аяқтап, ПЦР тапсырып, нәтиже "теріс" көрсеткен соң сыртқа шықтым. Алаңдап жатқан халқым, Аллах разы болсын әрқайсыңызға! жағдайым қазіргі уақытта жақсы! Кейінге шегерілген жекпе-жекке мықты күш-қуатпен ораламын Ауырмаңыздар ағайын", - деп жазды Тұраров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906987-bokssy-zanqos-turarov-koronavirus-zuqtyrdy/

pixel