Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас мүфти Наурызбай қажы қазақстандықтарға үндеу жасады

Опубликовано:

Наурызбай қажы Тағанұлы
Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында халыққа үндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын", - деді Бас мүфти.

Осы орайда Наурызбай қажы Тағанұлы жасы 60-тан асқан адамдарға ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің кеңесін алуға үндеді.

"Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз. Сіздерді пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге үндеймін", - деді ол.  

Биыл мүфтият Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылады. Бұдан бөлек, діни дәрістер болады. Қасиетті Қадір түні мен Ораза айттың онлайн бағдарламасы ұсынылады.

"Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Рамазан айында қайырымдылық жасауға да жағдай жасалады. Ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болады.

"Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Жаратушы Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин! ", - деді Бас мүфти.

Еске сала кетсек, қасиетті Рамазан айы биыл 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907024-qazaqstannyn-bas-muftii-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/

pixel