Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиналып кеттім": қазақстандықтар жалғызбасты әкеге бір бума ақша жинап берді (видео)

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Әлеуметтік желіде дөңгелек ауыстыру бекетінде тұратын жалғызбасты әкенің үндеуі тарады. Ұлты орыс Вячеслав Дружинин қазақ тілінде көмек сұраған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Осындай жағдайға түсіп қалдым. Әйелім қайтыс болды. Қырқы өтті. Балам БЦП-мен ауырады. Жағдайым қиын, пәтерді төлемегеніме үш ай болды. Жұрт батаға берген ақшаға баланың тамағын алдық, қиналып кеткеннен кейін осында жұмысқа шықтым", - дейді елордалық Дружинин.

Жалғызбасты әке баласының жататын жерін де көрсетті. Дөңгелек ауыстыратын бекеттің түкпірінде кішкентай кереует орнатып қойған. Сонда баласын жатқызады. Ал кірген адамдар көрмесін деп, шымылдықпен жауып қояды. Өзі де сол жерде жатып жүр.

"Времянкаға" ақша төлей алмай жатырмын. Кім көмектесе алады, Алла разы болсын! Жаман қиналып кеттім", - деп атап өтті Дружинин.

Жазбаның жарияланғанына бір тәулік те болған жоқ. Қазақстандықтар жарты миллион теңгеден астам ақша жинап, жалғыбасты әкеге апарып берді. Оның банк картасы жоқ екен. Кредит алып, 320-330 мың теңге қарыз болып қалған.

Вячеслав қаржылай көмек берген барша қазақстандыққа өз ризашылығын білдірді.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің мәліметінше, Вячеслав Дружининнің кәмелетке толмаған ұлы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып отыр. Қазіргі уақытта бала №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында емделуде.

"Ауруханадан шыққаннан кейін медициналық тексеріс нәтижесіне сәйкес, баланың қай оңалту орталығында одан әрі ем алатыны белгілі болады. Әкесі Вячеслав Дружинин ай сайын 125 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алып отыр", - делінген хабарламада. 

Қала әкімдігі балаға қажет, заңмен белгіленген медициналық және әлеуметтік көмекті толыққанды көрсетіп отыр. Отбасының тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешіледі, дейді әкімдіктегілер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907557-qinalyp-kettim-qazaqstandyqtar-zalgyzbasty-akege-bir-buma-aqsa-zinap-berdi-video/

pixel