"Мемлекет 50 пайызын өтейді": Вице-министр ауылда салынатын коттедждер жайлы айтты
Жарияланған күні:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауылда салынатын үйлердің құрылыс шығындарын өтеу тәртібін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізу ұсынылады. Оған сәйкес, ауылдағы қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын 50 пайызын субсидиялау қарастырылған", - деді Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жұмыс беруші алдымен ауылға қажетті мамандарды анықтайды. Сосын тізімін жергілікті әкімдікке береді. Ал әкімдік оны индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне көрсетеді. Орталық мемлекеттік орган рұқсат бергеннен кейін үй салуға болады. Артынан құрылысқа кеткен шығындардың жартысы қайтарылады.
Талапқа сәйкес, үйдің ауданы 100 шаршы метрден, ал бағасы 10 миллион теңгеден аспауы қажет. Еңбек шарты 5 жылға рәсімделуі шарт. Осы уақыттың ішінде ауылға барған маман үйдің 50 процентін өтеп, оны өз атына аудара алады.
Бүгінде республика бойынша 76 ауданның әкімдігі министрлікке ұсыныс жіберді. Әзірге 3 мыңға жуық коттедж салу қажет. Оған республикалық бюджеттен 14,3 миллиард теңге керек болады.
Айта кетейік, елде пәтер бағасы тағы да өсті. Қолданыстағы баспана құны 6 пайызға қымбаттаған екен. Алайда кей өңірлерде көрсеткіш 30 пайызға дейін жеткен. Әсіресе, Ақтауда жылжымайтын мүлік бағасы рекордтық деңгейді көрсеткен. Бұл қалада өсу динамикасы 27,7 пайызды құрайды. Ал үштікті Орал, Атырау қалалары қорытындылап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907893-memleket-50-procentin-oteidi-vice-ministr-auylda-salynatyn-kottedzder-zaily-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.