RU

Шымкент маңынан алтын табылғаны рас па: Желіде дүрліккен халықтың видеосы тарады

Алтын
Видеодан кадр: Әлеуметтік желілер

Әлеуметтік желіде Көкбұлақ ауылына алтын іздеп келген болуы мүмкін бір топ адамның видеосы тарады. Белгілі болғандай WhatsApp арқылы алтын кенішінің табылғаны туралы хабарлама тараған. Бұл қауесетке қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде Бадам станциясына барар жолда орналасқан Көкбұлақ ауылында алтын кеніші табылды деген аудиохабарлама тараған.

Хабарламада қазу жұмыстары жүргізіліп, бағалы металды әкетіп жатқаны да айтылған.

Бұған қатысты пікір білдірген Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Сондай-ақ жарияланған жазба тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты бөлімнің қызметкерлеріне беріледі", - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Осы орайда полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Құзырлы орган өкілдері тек ресми хабарламаларға сенуге шақырды.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысында ірі мұнай кен орны ашылған болатын.

Жаңа кен орны Маңғыстау және Бейнеу аудандарының аумағындағы Тепке учаскесінде орналасқан. Маңында "Қарақұдық", "Арыстан", "Комсомольское" кен орындары бар.

Мұнай кен орнына аты аңызға айналған геолог-барлаушы, Маңғыстаудағы кен орындарын ашуға атсалысқан Халел Өзбекқалиевтың есімі берілген.

Алынған сынама нәтижесі мұнай сапасының өте жоғары екенін, жеңіл, құрамында күкірттің де жоқ екенін, стандартты тәсілмен алынатынын көрсеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907940-symkent-manynan-altyn-tabylgany-zaily-xabarlamadan-keiin-durlikken-xalyqtyn-videosy-tarady/