Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл барып тұрған заңсыздық": Шымкентте екі күннен бері газсыз отырған тұрғындар шу шығарды

Опубликовано:

Тұрғындар
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ

Шымкентте екі күннен бері газсыз отырған алты бірдей көп қабатты үйдің тұрғындары наразылығын білдірді. Олар газды қайта қоспаса тіпті, Байтұрсынов көшесін жауып тастауға дайын екенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, алдын ала "жөндеу жұмыстары үшін газ өшіріледі" деп хабарлаған "Қазтрансгаз Шымкент" мекемесі енді оны қайта қосудан бас тартып отыр.

Олар тұрғындардан газ құрылғыларын тексеруден өткізетін компаниялармен келісімшартқа қол қоюды талап етуде екен.

Бұған күйінген тұрғындар екі күннен бері газсыз отырғанын, мекеме алдын ала түсіндірме жұмыстарын жүргізбегенін, ескертпегенін айтады.

"Алдын ала ешкім ешқандай ескерткен жоқ. Неге тұрғындармен кездесіп, алдын ала түсіндірмейді. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін келісімшартқа қол қоюдан ешкім қашпайды. Қалаған уақытта қаншама халықты газсыз қалдыру қай заңда жазылыпты?! Бұл барып тұрған заңсыздық! Басыну деп білемін", - дейді қала тұрғыны Юрий Матюнин.

"Кешеден бері ашуға мінген тұрғындарға басу айтып, сабырға шақырып отырмыз. Көп қабатты алты үйде қанша қария, нәресте, науқас бар. Қасиетті рамазан айында ауыз бекіткендерге де екі күннен бері ыстық тамақ, сусынсыз оңай емес. Газ берушілердің бұл әрекетінің қаншалықты заңды екенін тиісті орындар анықтайды, қараусыз қалдырмайды деп үміттенеміз", - дейді тағы бір тұрғын Сәуле Досалиева.

Наразы тұрғындармен Шымкент қаласы әкімдігінің газ техникалық қауіпсіздік бөлімінің мамандары кездесті. Олардың сөзінше, әкімдікке газдың өшірлетіні туралы алдын ала хабарланбаған

"Кез келген профилактикалық жұмыстардың алдында әкімдікке хабар беріліп, сосын біз өз тарапымыздан халықты құлағдар етеміз. Бұл биылдыққа бірінші жағдай. Алдағы уақытта мұндай қолайсыздықтар орын алмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жақын уақытта газ берілетін болды", - дейді Шымкент қаласы әкімдігінің газ техникалық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Мұсабек Ермұхамед.

Тұрғындар осы келеңсіз жағдайдың орын алуына кінәлілер жауапкершілікке тартылады деген үмітте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908302-bul-baryp-turgan-zansyzdyq-symkentte-eki-kunnen-beri-gazsyz-otyrgan-turgyndar-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel