Жамбыл облысында бір уақытта төрт ауыл ішімдіктен бас тартты
Жарияланған күні:
Рамазан айында Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Шәкен Ниязбеков, Шайқорық, Танты, Қапал ауылдары ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Аталған 4 елді мекендегі 22 дүкеннің иелері ішімдік сатуға берілген лицензияларын қайтарып берген деп хабарлайды ZhambylNews.
Ауыл қариялары мен жалынды жастардың бастамасын тұрғындар жаппай қолдап, әр кәсіпкерлік нысанның есігін қағып, үгіт-насихат жұмыстарын жандандырған. Соның нәтижесінде, дүкен иелері тек осы айда ғана емес, ішімдікті мүлде сатылымға шығармайтыны туралы хабарлап, алкоголь өнімдерін сату жөніндегі лицензияларын облыстық кірістер басқармасына өткізіпті.
Жұртшылықтың қуанышына ортақтасуға келген аудан әкімі Сәкен Арубаев пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев кәсіпкерлік нысан иелерімен жолығып, Алғыс хаттарын табыс етті.
"Бірлескен істе береке бар" деген мақал осы ауылдың тұрғындарына қарата айтылса керек. Қасиетті айдағы бұл игілік төбемізді көкке жеткізді. Дүкен иелері ішімдікті сатпай ғана қойған жоқ, олар зорлық-зомбылықтың алдын алып, түрлі құқықбұзушылықтарды жойды, – деді Сәкен Арубаев.
Бұған қатысты Равиль Төлебаев та өз ойын білдіруді ұмытпады.
"Жастардың мейірімділіке, қайырымдылыққа, жасылыққа бет бұруы ертеңімізді айқындап тұрғандай. Бүгінде "ішімдіксіз ауыл" атанған елді мекендердің бастамасын басқа ауылдар іліп алып кетті. Олардың қатарында Мойынқұм, Байзақ ауылдары бар. Қайырлы амалға атсалысқан барша азаматтарға шексіз ризашылығымды білдіремін", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары.
Ауыл азаматтары еліміздің барлық елді-мекеніне осындай қайырлы амалды эстафета етіп жолдады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908466-zambyl-oblysynda-bir-uaqytta-tort-auyl-isimdikten-bas-tartty/