Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

Опубликовано:

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Президент көрнекті театр және кино актрисасы Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өз Facebook парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, көрнекті театр және кино актрисасы Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиеваның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Ғазиза Мәкешқызы әр жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет жасады.
Бірқатар отандық фильмдер мен телесериалдарда басты рөлдерді сомдап, көрерменнің жоғары бағасын алған еді. Ол әрбір қазақстандықтың жадында жарқылдап, жадырап жүретін бейнесімен қалды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – делінген жеделхатта.

Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, театр және кино актрисасы Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиеваның өмірден өткені күні кеше белгілі болды.

Қаралы хабарды режиссер Асхат Маемиров Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жеткізді. Оның жазуынша, танымал актриса коронавирустан көз жұмған.

"Ұлт руханиятының аспаны қара жамылды. Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышына айналған Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті. Аты жаман тажал ауру ешкімді аямады. Жарты ғасыр бойы қазақ театрының төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева – жаны мен жүрегі мейірімге толы, адалдықты ту еткен болмысы бөлек жан еді....

Сахна кеңістігінде Мөржандай асыл аналардың, Ару қыздардың бейнесін сомдаған аса талантты актриса, аяулы жан дүниеден өтті. Көкіректі кернейтін өкініш... Ғазиза Апа, асыл апам-ай..", - деді Асхат Маемиров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908650-prezident-gaziza-abdinabievanyn-otbasy-men-zaqyn-tuystaryna-konil-aitty/

pixel