Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы тұрғынының мемлекеттік балабақшадан қазақ тобын ашу туралы өтініші жерде қалды

Опубликовано:

51 балабақша
Фото: Дамир Жайлыбаевтың жеке мұрағатынан/ №51 балабақша

Алматы тұрғыны Жетісу ауданындағы мемлекеттік балабақшада қазақ тобы ашылмайтынын естіп, дабыл қақты. Ол №51 балабақшаға байланысты әкімдікке шағым жазған. Алматы қаласы білім басқармасы аталған ауданда 70 пайыз өзге ұлт өкілдері тұрғандықтан қазақ тобына сұраныс аздығын айтып жауап жазған. Ал ата-ана өзінің конституциялық құқын қалай қорғайтынын білмей отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дамир Жайлаубаевтың төрт баласы бар. Өзінің сөзінше, алты адам бес шаршы метрлік тар бөлмеде тұрады. Үлкен ұлы үшінші сыныпты сол аядай бөлмеде онлайн оқуға мәжбүр. Одан кейінгі екі қызы балабақша жасында. Алайда мемлекеттік №51 балабақшаға Дамир Жайлаубаевтың үлкен қызы ғана барып жүр. Онда қызының тек орыс тілінде тәрбие алатыны көп балалы әкенің көңіліне қаяу түсіреді. Дамир Жайлаубаев KAZ.NUR.KZ порталының редакциясына Алматы әкімдігіне жазған шағымының көшірмесін салып жіберіпті.

"Мен төрт баланың әкесімін, біз алты адам бес шаршы метр бөлмеде тұрамыз. Ұлым үшінші сынып оқушысы, онлайн оқиды. Үлкен қызым сол балабақшаға барады, кіші қызымды жақында балабақшаға тіркеді, бірақ әлі қатыспайды. Меңгерушісінің айтуынша, топта 15 бала толық отыр. Бөлмеміз тар болғандықтан, ұлым үйде сабақ оқығандықтан екі қызымды да балабақшаға беру біз үшін маңызды. Үлкен қызымды бергенде меңгеруші бізге: "Қазақ тобы жоқ! Қорықпаңыз балаңыз орыстанып кетеді!", деді. Неге мен 10 шақырым алыстан қазақша балабақша іздеуім керек? Жекеменшік балабақша қымбат, қалта көтермейді. Қызым орысша сөйлей алмайды, жалғыз қалып қалады, көңілі түседі. Біздің топтың аты қазақша, тәрбиешісі де қазақ, бірақ бәрі орысша жүреді", - деп жазды Дамир Жайлаубаев шағымда.

Алматы қаласы Білім басқармасы Дамир Жайлаубаевтың жазған өтінішіне жауап берген. Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айсұлу Ботаеваның жауабына сәйкес, қазақ тобына сұраныс аз.

"№51 балабақшада қазақ тобын ашу туралы жоспар алдыңғы орында тұр, бірақ балабақша аймағында тұратын тұрғындар 70% өзге ұлт өкілдері болғандықтан, қазақ тобына сұраныс аз. Тәрбиешілер ұйымдастырылған оқу қызметінде көп тілділікті кеңінен қолданады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 28 қаңтардағы №48 қаулысының, 1-тармақтың 5-тармақшасы сәйкес мектепке дейінгі мекемелерде 15 баладан аспайтын және №43 қаулының талаптарын сақтай отырып кезекші топтар жинақталған, ал қазіргі кезеңде балалардың ауырып қалуына байланысты, кейде топтағы балалар саны азайып қалады. Балабақшада ата-аналар тарапынан ешқандай оқулық сатып алынбайды. Бейнебақылау үнемі қолданыста. Ата-аналар қажет болған жағдайда кіріп көре алады", - делінген шағымға берілген ведомствоның жауабында.

Алматы қаласының білім басқармасы
Фото: Дамир Жайлыбаевтың жеке мұрағатынан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908962-almaty-turgynynyn-memlekettik-balabaqsadan-qazaq-tobyn-asu-turaly-otinisi-zerde-qaldy/

pixel