Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол кісі жақсы ойнайды": Екі қолынан айырылған спортшы Тоқаевпен теннис ойнауды армандайды

Опубликовано:

Азамат Оразбек жарымен11
Фото: instagram.com/azamat__azhar

Паралимпиада ойындары мен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Азамат Оразбек өзінің арманын айтты. Спортшы 31 арнадағы "Кел, татуласайық" бағдарламасында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен теннис ойнағысы келетінін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Азамат Оразбек мүмкіндігі шектеулі теннисші. Жүзуден халықаралық деңгейдегі спорт шебері, сондай-ақ, Токиода өткен жасөспірімдер арасында бірінші азиялық паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері.

Ол үстел теннисін ойнағанда оң иығына ракетка байлайды, ал сол қолы иығынан жоқ.

Бүгінде үш баланың әкесі атанып отырған Азаматтың спорттағы арманы - үстел теннисінен үлкен жетістікке жету.

"Азия ойындарына шығып жүрмін, ол жақтан екінші, үшінші орынмен қайтып жүрмін. Бірінші арманым - көк туды басқа тулардың үстінен көру, өз әнұраныңды шырқату. Екінші арманым - қазіргі президентіміздің үстел теннисін ойнайтынын білесіздер. Сол кісімен бір үстел жанында тұру. Ол кісі жақсы ойнайды үстел теннисін, бір-екі видеосын көргенмін. Достарымның арасында әзілдеп айтамын: егер сол кісімен кездесетін болсам, жеңіп кетсем, Алматыдан бір пәтер сыйлайсыз дер едім, ал мен жеңілсем, сол үйге бір жылдың ішінде өз күшіммен жетемін, деп бәстер едім", - дейді қайсар жігіт бағдарлама эфирінде.

Азамат екі қолынан алты жасында айырылған. Ол қазір Алматыда отбасымен пәтер жалдап тұрады. Үй кезегінде 2015 жылдан бері тұр.

"Үй кезегінде отбасыммен тұрғаныма алты жыл болды. Ал ата-анам мүмкіндігі шектеулі баласы бар адамдар ретінде 2002 жылдан бері үй кезегінде", - дейді 1-топ мүгедегі.

Азаматтың жұбайы Ажардың сөзінше, үй кезегі алға жылжудың орнына үнемі артқа ысырыла береді.

Айта кетейік, Азамат спорттан бөлек, ән айтқанды жақсы көреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909067-ol-kisi-zaqsy-oinaidy-eki-qolynan-aiyrylgan-sportsy-toqaevpen-tennis-oinaudy-armandaidy-video/

pixel