Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі аяғынан айырылған елордалық Мария Ауезова Гималайға қалай шыққанын айтып берді

Опубликовано:

Фото
Мария Ауезова. Фото: Мария Ауезованың жеке мұрағаты

Екі аяғынан айырылған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Мария Ауезова Эверестке барар жолдағы Кала-Патхар базалық лагеріне сапары туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Гималай шыңына қорқынышын жеңу үшін шыққан деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Астаналық келіншек өзінің альпинист емес екенін айтты. Бұл оның хоббиі. Бұған дейін Мария Бурабайдағы үш шыңды бағындырған.

"Көпшілік мені Эверест шыңын бағындырды деп айтып, жазып жүр. Олай емес, Эверест шыңы 9 шақырымға жуықтайды. Біз сол шыңға барар жолдағы Кала-Патхар базалық лагеріне дейін бардық. Ол 5364 метр биіктікте орналасқан.
Бурабайға сапарымда тауға шығуды қаншалықты жақсы көретінімді түсінгендей болдым. Сол кезден бастап Эверестке баруды жоспарладық", - дейді Мария Ауезова.
Фото
Мария Ауезова. Фото: Мария Ауезованың жеке мұрағаты

Астаналық келіншектің айтуынша, Кала-Патхар тауына шығуға олардың 10 күн уақыты кеткен.

"Он күнге созылған сапарымның әр сағаты мен минуты түрлі қызықтарға толы болды. Тауға көтерілген алғашқы күні ауа жетіспеушілігі байқалды. Бірақ, жаттықтырушымның үлкен тәжірибесінің арқасында акклиматизациядан сәтті өттік. Соңына дейін жете алмаймын ба деген қорқыныш болды. Оның үстіне, таулы жерді білесіз, өткір тастар, шаң, құм мен жануарлардың тезегі – осының бәрі қиындық тудырды. Киімді жиі ауыстырып тұрдық. Себебі, өткір тастарға ілініп, жыртылып жатты. Кейбір жерлерде өзім өрмелесем, кей жерлерде арбамен, достарымның көмегімен көтерілдім. Айта берсем мұндай кедергілер көп болды. Десе де, нәтижеге жеткен уақытта барлығы бір сәтте ұмытылып кетті. Жолымызда кездескендердің бәрі таң қалып, қай елден екенімізді сұраумен болды. Қазақстаннан екенімді мақтанышпен айттым", - дейді Мария.

Ол осыдан 6 жыл бұрын тамыр аурулары салдарынан ауыр дертке шалдығып, екі аяғынан айырылған. Бірақ бұл астаналық келіншектің өз арманына жетуіне еш кедергі болмады. Гималайдағы биік шыңдардың бірін бағындырғанда мұны бүкіл Қазақстан біледі деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

"Шынымды айтсам барлық бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігемін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Бәрі аяқ астынан болды. Өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Бұл менің өмірім, өз таңдауым. Бірақ көбі мені қолдап, жақсы тілек білдіріп, менің жасаған ісімнен мотивация алып жатқанына қуаныштымын.

Аяғымнан айырылғаныма 6 жылдай болып қалды. Тамыр аурулары кесірнен аяқтарымды толық кесуге тура келді. Әрине, алғашқыда қабылдау қиын болды. Күйзеліс те болды. Бірақ, біраз уақыт өткен соң өзіме келіп, жаңа болмысымды дәл осылай жақсы көруге, алға жылжыуға өзімді көп үгіттедім. Мағын бұл жолда отбасымның, достарымның қолдауы үлкен күш берді. Өзімнің сүйген ісіммен ешқандай кедергіге қарамастан айналысамын деп шештім. Бұл сапарым өзіме өзімді дәлелдеу болғандай. Барлық қорқынышымды жеңіп шықтым", - дейді Мария.

Фото
Мария Ауезова. Фото: Мария Ауезованың жеке мұрағаты

Ол Эверест шыңын бағындыруды мақсат етіп отыр.

"Екі аяғыма протез салдырып, сол шыңға қайта баруды жоспарлап отырмын. Қазір ұзақ сапардан кейін өзіме келуім керек, содан кейін көп күтпей әрекетімді бастаймын. Таулар, биік шыңдар маған өмір сүруге мотивация береді.

Қазақстанда мен секілді жағдайға түскен адамдар көп. Оларға айтарым, қандай жағдай болмасын, армандауды, сол арманға ұмтылуды тоқтатпау керек. Менің арманыма жетуіме жолдасым, жаттықтырушым және достарым көмектесті. Қолдау білдіріп жатқан барша халыққа алғысым шексіз", - дейді Мария Ауезова.

Естеріңізге сала кетейік, елордалық Мария Ауезова туралы осыдан бірнеше күн бұрын қазақастандық БАҚ-тар жарыса жазған болатын. Екі аяғынан бірдей айырылып мүгедек болып қалған жас әйел Гималай тауындағы 5364 метрлік Кала-Патхар шыңын бағындырып, көпшілікті таң қалдырған еді.

Бұл межеге жету үшін Мария 1,5 жылдай дайындалған. Ол қазір елордада өз үйінде, ағзасын жергілікті климатқа қайта үйретіп жатыр. Қалпына келгеннен кейін жаттығу залына барып, әлемдегі ең биік шың – Эверестті (8 849 метр) бағындыруға дайындығын бастамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909191-eki-ayagynan-aiyrylgan-elordalyq-mariya-auezova-gimalaiga-qalai-syqqanyn-aityp-berdi/

pixel