Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда есірткі сатты деген күдікпен ұсталған MAD MEN тобының мүшелері 15 жылға сотталуы мүмкін

Опубликовано:

Топ
Видеодан кадр: polisia.kz

Алматыда есірткіні дайындап, сатты деген күдікпен ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасы қабылданды. Олардың арасында танымал MAD MEN тобының мүшелері де бар. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Бұлтартпау шарасы- қамау", - дейді оңтүстік астананың полиция департаменті.

Одан бөлек, ведомствода істің Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қаралып жатқанын хабарлады.

Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 21 сәуір күні полиция қызметкерлері Алматыда 10 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтаған еді. Олар есірткіні дайындап, сатты деген күдікке ілінген.

Полиция күдіктілер жалға алған коттеджден дайын есірткілерді, оларды өндіруге арналған компоненттерді, зертханалық колбаларды, таразыларды және есірткі зертханасында жұмыс істеу үшін қолданылатын басқа да атрибуттарды тәркілеген.

Кейінірек ұсталғандардың арасында Q-pop бағытында ән айтатын MAD MEN тобының мүшелері де бар екені анықталды. Оларды тыңдармандары әлеуметтік желіде тараған кадрлардан байқаған көрінеді. Полиция бұл ақпаратты растады.

"Ұсталған 10 адамның екеуі аталған шығармашылық топқа қатысты бар. Тергеу амалдары жалғасуда", – деді ведомстводан.

Сонымен қатар полиция санкцияланған тінтулер бірнеше мекенжайда жүргізілгенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909469-almatyda-esirtki-satty-degen-kudikpen-ustalgan-mad-men-tobynyn-museleri-15-zylga-sottaluy-mumkin/

pixel