Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Батасын аламын": Қазақ отбасына келін болған украин қызы 80-нен асқан қайын атасын күтіп отыр

Опубликовано:

Татьяна Қалманова
Татьяна Қалманова. Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік Татьяна Қалманова жасы 84-ке келген қайын атасын күтіп, қарияның батасын алуды жөн санайды. 19 жыл бұрын Қалмановтар отбасына келін болып түскен ол бастапқыда ата-анасының қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына қарсы болғанын айтады. Десе де, уақыт өте келе, жанұясы оны қолдап, бүгінде ол жолдасы Арсыланмен бірге үш бала тәрбиелеп отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Татьяна Қалманованың мамандығы аспаз болса да, бүгінде ол Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы, Бөрте ауылындағы жергілікті фельдшерлік пунктте жұмыс істейді.

Осы ауданда туып-өскен ол осыдан 19 жыл бұрын ауыл жастары жиналған көңілді кеште жолдасы Арсылан Қалмановпен танысады. Бір жылдан астам кездескен ғашықтар шаңырақ көтеріп, бүгінде екі қыз бен бір ұл баланы тәрбиелеп отыр.

"Ол кезде жастар би кештеріне баратын еді ғой. Сондай кештердің бірінде жолдасым Арсыланмен таныстым. Бастапқыда ата-анам қарсы болғаны рас, бірақ кейін райларынан қайтып, мені қазақ жігітіне тұрмысқа берді. Ақтөбеде сәлем салу дәстүрі сақталғанымен, біздің ауылда келіндердің көбі сәлем сала бермейді. Жалпы қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанатын жандардың бірімін. Балаларымызға да туғаннан бастап, қырқынан шығару, жалпы сәбиге қатысты қандай дәстүр бар, соның бәрін орындаймыз. Садақа беру, шеке беру сияқты барлық ғұрыпты ұстанамыз", - дейді Татьяна.

Татьяна Қалманова алғашында тұрмысқа шыққанда қазақ тағамдарын жөнді жасай алмайтынын, оған осы отбасының жеңгелері үйреткенін жасырмады.

"Мен келін болып түскенде, енем болмады, тек қайын атам бар. Сондықтан бастапқыда тамақ дайындаудан қиналғаным рас. Бірақ жеңгелерім үйретіп, кейін барлық тамақты өзім дайындайтындай болдым.

Үйде мал, сиыр ұстаймыз. Оның сүтінен май шайқап, құрт, ірімшік бәрін әзірлеймін. Оны тіпті жыл он екі ай үзбей жасап, қалаға апарып, сатып тұрамын. Жолдасым мен балаларым, қайын атам тағам таңдамайды. Біз қазақтың бешбармағы мен бауырсағынан бастап, орыстың тұшпарасы мен бәліштеріне дейін сүйіп жейміз",-дейді ол.

Татьяна, сондай-ақ, жолдасы Арсыланның көпбалалы отбасыдан шыққанын, ал қайын атасы өздерінің қолында екенін атап өтті.

"Жолдасым 8 ағайынды. Олар бізге ауылға жиі келіп тұрады. Біздің үйден қысы-жазы қонақ үзілмейді десе де болады. Қайын атамыз да біздің қолымызда. Мен 84 жастағы қайын атамды өз әкемдей күтіп бағып, батасын алып келемін. Ешқашан өз туысым, жолдасымның туысы деп бөліп жарған емеспін. Бәріне теңдей қараймын. Жалпы нағыз қазақ келіні сондай болу керек ойлаймын. Сонымен бірге жақсы келін барлық салт-дәстүрді ұстанып, үлкенді сыйлауы тиіс деген ойдамын", - деді келіншек.

Сұхбат соңында ол Қазақстаннан ешқайда көшкісі келмейтінін де айтты.

"Қазір елден кетіп жатқандар көп дегенді естиміз. Бірақ маған ондай ешқашан келмепті. Біздің Отанымыз Қазақстан, сондықтан осы туып-өскен жерімде еңбек етіп, балаларымды жеткізсем деймін", - деп сөзін аяқтады Татьяна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909977-batasyn-alamyn-qazaq-otbasyna-kelin-bolgan-ukrain-qyzy-80-nen-asqan-qaiyn-atasyn-kutip-otyr/

pixel