Банкетте ән салып тұрған Ақтөбе облысы бас дәрігерінің видеосы тарады
Жарияланған күні:
Желіде Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің көңілді кеште ән салып тұрған видеосы қызу талқыға түсті. Роликтің басты кейіпкері осы жайтқа қатысты пікір білдірді деп хабалайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Видео Kozachkov offside Telegram арнасында жарияланған.
Онда Ақтөбенің бас дәрігері Рүстем Исаевтың іс-шарада ән айтқаны түсірілген видео Instagram желісінде жақында ғана пайда болғаны айтылған.
Сонымен қатар кеште оның орынбасары Айгүл Дүйсенбаеваның да билеп жүргені сөз болған. Алайда жазба тез арада өшірілген.
Видео желідегілердің шамына тиген. Көпшілік қатаң шектеу шаралары енгізілсе де, санитарлық талапты өздері бұзған ақ халаттыларды сынға алған.
Желді тараған видеоға Рүстем Исаев пікір білдірді. Айтуынша, видеодағы ер адам өзі. Алайда ол карантинді бұзбағанын атап өтті.
"Иә, бұл 5 наурыз күні болған. Ұжыммен бірге 20 адам болып әйелдер қауымын мерекемен құттықтадық. Ән айттым. Біз ол кезде "жасыл" аймақта едік. Карантин талаптарын бұзу болған жоқ, іс-шара бекітілген талаптарды сақтай отырып өтті", - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де бас дәрігердің іс-әрекеті шектеу шараларын бұзбағанын жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сұлупан Шынтасованың ауызашарда отырған видеосы тараған еді.
Кейін олар бұл әрекеті үшін кешірім сұраған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910144-bankette-an-salyp-turgan-aqtobe-oblysynyn-bas-darigeri-videoga-tusip-qaldy/