Ақтөбеде ауызашарға барған беделді ханымдар халықтан кешірім сұрады

Опубликовано:

Видеодан кадр
Видеодағы кадр: instagram.com/aktobe_newskz

Ақтөбеде әлеуметтік желіде топ болып ауызашарда отырған ханымдардың видеосы тарады. Олардың арасында қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова мен облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сұлупан Шынтасова да бар. Өңірге белгілі тұлғалар бұл әрекеті үшін кешірім сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Кәсіпкерлер палатасының басшысы Сұлупан Шынтасованың айтуынша, Ақтөбедегі іскер әйелдер бас қосқан ауызашар көңілшай дастарханы екен.

"Шындығын айтайын, мен ораза ұстаған адаммын. Енем қайтыс болғасын мені сол жерге ауызашарға, көңілшайға шақырды. Біраз қыздар жиналған екен. Маған құрмет көрсетіп шақырғасын бардым. Ауызашардың әлеуметтік желіде тараған видеосын маған біраз адам жіберді. Мен бүгін облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Алтынбековаға хабарластым.

"Осындай жағдай болып қалды, кінәм бар, маған айыппұл жазыңыз" деп айттым. Мен айыппұлды төлеймін. Дұрыс жасамағанымды білемін, қазақ болған соң, көңіл шайға шақырған соң, келісімімді берген едім. Бұл жағдай үшін халықтан кешірім сұраймын", – дейді Сұлупан Шынтасова.

Сұлупан Шынтасова
Сұлупан Шынтасова. Фото: NUR.KZ

Қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың сөзінше, ауызашарды қаладағы үлкен әлеуметтік шараларға қатысып жүрген қыздар ұйымдастырған.

"Олар Рамазан айында халыққа көмек көрсетіп жүреді. Ұсыныстарды әрдайым қолдап жүретін кәсіпкерлер. Басқа ешкім болған жоқ. Іскер әйелдермен болған шара. Сол жерде ауыз аштым. Шамамен 20 шақты адам болды. Әрине, бұл басқосудың дұрыс емес екенін түсінемін", – дейді Анар Даржанова.

Анар Даржанова
Анар Даржанова. Фото: NUR.KZ

Желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірген облыстың бас санитарлық дәрігері ауызашарды ұйымдастырғандарға қатысты шара қолданылатынын жеткізді.

"Видеоны көрдім. Тез арада шешім қабылдау үшін қалалық мониторинг топқа жіберілді. Олар қатысқан адамдардың әрқайсысын анықтауы тиіс. Мейрамханаға да әкімшілік шара қолданылады", – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909429-aqtobede-auyzasarga-bargan-bedeldi-xanymdar-xalyqtan-kesirim-surady/