RU

"Поле чудес" жүргізушісі Якубович павлодарлық әжейге сәлем жолдады (видео)

Леонид
Кадр: Бірінші арна

Танымал "Поле чудес" телебағдарламасының жүргізушісі Леонид Якубович қазақстандық кейуанаға эфирде дұғай сәлем жолдады.

Студияға Павлодардан хат жолдаған қазақстандық азамат Ержан Айтпаев Якубовичтен анасын мерейтойымен бір ауыз құттықтап жіберуін өтінген.

"Сәлеметсіз бе, қымбатты Леонид Аркадьевич! Мен сізге үлкен өтінішпен хат жолдап отырмын. 23 сәуір күні жұмада "Поле чудес" бағдарламасының кезекті түсірілімі шығады және дәл осы күні біздің анамыз Ғазиза Рамазанованың мерейтойы болмақ, ол 85 жаста, оны осы атаулы күнмен құттықтауыңызды сұраймын", - делінген хатта.

Бағдарлама жүргізушісі қазақстандықтың өтінішін жерге тастамай, әжейге эфирдің 57 минутында сәлем жолдады.

"Мерейтойыңыз құтты болсын! Бүгін осында отырған барлығымыз, "Поле Чудес" бағдарламасының бүкіл тобы, барлық "Бірінші арнадағылар" сізді осы керемет мерейтойыңызбен құттықтайды", - деді Леонид Якубович.

Еске салсақ, бұған дейін әнші Мейрамбек Бесбаев өзіне әлеуметтік желі арқылы сәлем жолдап, тез сауығып кетуін тілеген әжеймен хабарласқанын жазған едік.

Өнер иесі зейнеткерге қоңырау шалып, оған алғысын айтқан. Қарт кісі де өз кезегінде өнер иесіне тағы бір мәрте ақ тілегін жолдап, оған деген жылы лебізін жеткізген.

Әнші әжейді Instagram желісіндегі оқырмандарының арқасында тауып алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910303-pole-cudes-zurgizusisi-yakubovic-qazaqstandyq-keiuanaga-salem-zoldady-video/