RU

"Бастысы ақша емес": Қытайда туған қазақ ғалымы 6 мемлекеттен бас тартып, елде қалған

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

ҚазҰУ-лік ғалым, PhD докторы, профессор, Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс көпшілікке індетке қарсы дәрілік шөптерден жасалған қоспаны әзірлеумен танылды. Соңғы бір айда отандық БАҚ жарыса жазған ғалым KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, білім мен ғылым саласына қалай келгенін айтып берді.

Жанар Жеңістің айтуынша, оның өсімдіктер әлемін зерттеуіне туған жері, Қытай халық Республикасындағы Алтай өңірінің әсем табиғаты тікелей әсер еткен екен.

"Алтай аймағын білесіздер, дәрілік өсімдіктерге өте бай өлке. Тауы мен табиғаты, суы мен бауы келіскен тамаша жер. Мен кішкентайымнан тауда өскендіктен, шөптің түр-түрін біліп өстім. Жалпы менің туған жеріме деген махаббатым ерекше.

Қазақтың дәстүрлі медицинасының түпкі тамыры тереңде жатыр, соның бәрі осы салаға келуіме әсер етті деп ойлаймын.

Сөйтіп бакалаврды Қытайдың Шыңжаң университетінде, магистратура мен доктарантураны ҚазҰУ-де бітірдім. Ал докторантураның тағылымдамасын Қытайда, пост-доктарантураны Жапонияда, аға-зерттеушіні Кореяда өттім.

Осылайша, 2019 жылы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, осында қызмет етіп жатқан жайым бар", - деп әңгімесін бастады ғалым.

Табиғи қосылыстар химиясы саласында 22 жылдан астам еңбек етіп жүрген отандық зерттеуші шетелде ғалымдарға барлық жағдай жасалғанын жасырмады.

"Әрине дамыған елдерде сізге қажетті дүниенің бәрі зертханадан табылады. Тіпті интернеттен бастап, оқуға керек ғылыми журналдар да толып тұрады. Ол жақта таңда зертханаға кірсеңіз, кештің қалай батқанын білмейсіз. Өзім аптасына 6 күн, таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін жұмыс істедім.
Себебі ештеңені іздеп керек емес, бәрі бір орында, тек жұмыс істей білсеңіз болғаны. Шетелде жаңалық ашуыңызбен, ізденімпаздығыңызбен еңбегіңіз бағаланады. Қаржылық жағынан, ғалымдардың шетелге тағылымдамадан өтуі, тіпті зертханалардың жабдықталуы жағынан да бізден әлдеқайда алда",- дейді ғалым.

Десе де ғалым тәуелсіздік жылдары елдегі ғылым саласында да оң өзгерістер болғанын атап өтті.

"Қазақстандағы ғылымның бір шетінде жүргендіктен, мұндағы оң өзгерістерді де атап өту керек. Мысалы жыл сайын грант саны көбейіп жатыр, жобаларды қаржыландыру жағынан да өзгерістер бар. Әсіресе былтыр Covid-19-бен ұшырасқалы бері, адамдар ғылымның қадірін түсіне бастады", - дейді Жанар Жеңіс.

Білікті маман отандық ғылым мен ғалымдардың еңбегі әрдайым көпке таныстырылып, дәріптеліп отыру керек дейді.

"Кез келген мемлекет өзінің тек ғылымдағы жетістіктерімен өзгелерден биік тұра алады. Сондықтан отандық ғалымдардың еңбегі, олардың жетістіктері көпке таныстырылып отыру керек. Жалпы ғылымға өскелең ұрпақты балабақшадан бастап, университетке дейін дәріптей беру керек", - дейді ғалым.

Қытай, Америка, Жапония, Түркия және басқа да әлемнің көптеген елінен жұмыс істеуге ұсыныс алған Жанар Жеңіс олардан бас тартып, елде қалып, шәкірт тәрбиеулеуді жөн көріпті. Ғалым ол шешіміне еш өкінбеймін дейді.

"Қазақтың алғыр, зерек екенін дәлелдегім келді. Ғылымда жүрген адам ретінде, ақша және басқалары өмірдегі басты мүдде, мақсат болмауы тиіс деп ойлаймын. Ғалым болған соң мені еліме не бере аламын деген сауал мазалайды. Халқыма дәрі жасап, оның алғысын алсам, одан артық бақыт бар ма? Шәкірттерімді де солай тәрбиелеймін. Олардың алды Қытайда, Кореяда білімдерін жетілдіріп жатқанымен, алдымен өз елдеріне келіп, білімдерімен бөліссе екен деймін", - дейді Жанар Жеңіс.

Тәжірибелі ғалым, сондай-ақ, жазда "Covid-19"-ға қарсы қоспа әзірлесе, бүгінде қатерлі ісік, диабет, тері ауруларына қатысты жобалар бар екеніне тоқталып өтті.

"Қазақстанда 6 мыңнан астам өсімдік бар. Біз солардың әрқайсысын зерттеп, дәрілік препараттар жасап, еліміздің фармацевтикалық өндірісінің дамуына өз үлесімізді қосуымыз тиіс. Біздің алдағы мақсатымыз сол", - деп сөзін түйіндеді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910342-bastysy-aqsa-emes-qytaida-tugan-qazaq-galymy-6-memleketten-bas-tartyp-elde-qalgan/