Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жабайы жануарлар қырылып қалған": СҚО-да орманшы өзекті мәселені көтерді

Опубликовано:

тау бұғысы
Көрнекі фото: pexels.com

Солтүстік Қазақстан облысында жабайы жануарлар қырылып қалған. Орманшылардың пайымынша бұған қаңғыбас иттер мен сапасыз жем-шөп себеп болған. Красный бор арнайы табиғи аймақтың қызметкері, өз болжамдарын әлеуметтік желіде ашық жариялады деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Басылым мәліметінше, Есіл ауданындағы Красный бор табиғи аумағында қызмет ететін Сергей Диреев жабайы төртаяқтылардың ахуалын таспаға түсіріп, өкпе назын жария еткен.

Ол хайуанаттарға азық дұрыс берілмей жүргенін жасырған жоқ.

Жануарлар арпаның орнына оның қоқымымен қоректеніп жатыр.

Диреевтің сөзінше, азық көлемі де аз. Бір табын марал мен еліктерге күніне алты жүз келінің орнына не бары бес қап бидай ғана беріледі екен.

Сонымен қатар ол қауіпсіздік мәселесін де қозғады. Орманшылар қаңғыбас иттер әлсіз хайуанаттарды жиі талап кететін болған. Осы жылдың өзінде "Красный борда" 20 жануарды ит талаған.  

Айта кетейік, Есіл ауданындағы Красный бор табиғи аумағының жалпы аумағы 62 мың гектардан асады. Қарсақ, түлкі, құстардан бөлек мұнда мың төрт жүзге жуық марал, 2 мың 800 елік пен 384 қабан бар. Жыл сайын жем-шөпке қазынадан төрт миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Алайда, мекеме басшысы биылға алынған азық қоры наурыз айының басында таусылып қалғанын мәлімдеді.  

"Біз бір қысқа арпаның 59 тоннасын әзірледік. Әрине бұл жеткіліксіз. Сондықтан жақын маңайдағы шаруа қожалықтары септеседі. Олар әрине таза арпаны емес, қалдығын береді", - деді "Красный бор" жануарлар әлемін қорғау және жаңғырту" мемлекеттік мекемесінің директоры Николай Гусельников.

Табиғи ресурстар басқармасы қаңғыбас иттерден келген ірі залалды растап отыр. Тек ресми статистиканың өзінде өңір бойынша 30 марал мен елік жапа шеккен.

"Видеода жануарлардың қан-қан болып жатқаны байқалады. Демек, оларды қаңғыбас иттер талап тастаған. Иттер топтарға бөлініп, жануарларға жаппай жабылады. Орманшылар ветеринария қызметімен бірге оларды атып отырады. Орманшыларды қосымша қарумен қамту мәселесі қаралып отырған жоқ", - деді Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімов.

Мемлекеттік мекеме қызметкері Сергей Диреев былтыр жемқорлыққа қарсы агенттігіне де шағымданып көрген. Алайда тексеріс нәтижесінде заңсыздықтар анықталмапты. Енді әлеуметтік желіде жарияланған бұл проблемаға қатысты, прокуратура тексеріс жұмыстарын жүргізбек.

Автор: А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910445-zabaiy-zanuarlar-qyrylyp-qalgan-sqo-da-ormansy-ozekti-maseleni-koterdi/

pixel