RU

"Тәуекел деп осы жолды таңдадым": 18 бала асырап алған кентаулық тұрғын жайлы не білеміз

ана2
Түймекүл Ергешқызы немерелерімен. Фото: хабар24

Кентауда түрлі ұлттан 18 бала асырап алып, бауырына басқан әйел адам тұрады. Бүгінде Түймекүл Ергешқызының үлкен бес перзенті өз алдына отау құрса, кенжесі небәрі екі жаста деп хабарлайды Хабар24.

Түймекүл Ергешқызы жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп жүріп, өзі тұрмыс құрмай қалған. Кейін балалы болуды армандап, 33 жасында алғашқы қызын асырап алады.

Айтуынша, тіпті өзге ұлттан 18 бала асырап аламын деген ой "үш ұйықтасам түсіме кірмеген" дейді. Барлығы Алланың қалауымен болғанын айтады.

Қазір перзенттерінің алды аяқтанып, үйлі болған. Үлкен үш қызын ұзатып, екі ұлын үйлендірген. Олардан төрт немере сүйіп отыр.

"Тәуекел деп осы жолды таңдадым. Құдайға шүкір. Бақыттымын. Ат басындай алтын берсе де, айырбастамаймын ешкімге. Балаларымның ішінде ұлты басқа балалар да бар. Қазағы бар, өзбегі бар, орысы бар, кәрісі бар дегендей. Бәрі қазір қазақ, қазақша сөйлейді", - дейді көпбалалы ана Түймегүл Ергешқызы.

Өзі де көпбалалы отбасында өскен Түймегүл Ергешқызы бала бағып, тәрбиелеудің оңай еместігін жасырмайды. Бала тәрбиесіне бастапқыда анасы көмектессе, қазір үлкендері кішілерге қамқоршы, бірі сабағын оқытса, енді бірі үйдің жұмысына қолқанат екен.

"Бауырларымның көп болғаны жақсы екен. Ағам ақыл айтады. Әпкем дұрыс жолды көрсетеді. Інілеріммен ойнаймыз, қарындастарыма көмектесемін", - дейді Түймегүл Ергешқызының ұлы Ерасыл Беляев.

Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысып, табандылық, қажырлылықпен табысқа қол жеткізген ана бүгінде перзенттерін де еңбекке баулып жүр. Ұлдарына көлік жөндеу мен дәнекерлеудің қыр-сырын үйретеді. Үйдегі құрылыс жұмыстарын да бірлесіп істей береді.

Ал қыздары дүкен мен дәмхананың жұмысын жүргізуге көмектеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910794-tauekel-dep-osy-zoldy-tandadym-18-balany-asyrap-algan-kentaulyq-ana-zaily-ne-bilemiz/