RU

Оралда саябақтағы әткеншек істен шығып, 8 бала ауруханаға түсті (видео)

әткенше11к
Көрнекі фото: pixabay.com

Оралда төтенше жағдай болды. 2 мамыр күні кешкісін қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы әткеншек істен шығып, 8 бала жарақат алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желді оқиғаның видеосы пайда болды. Бейнеден әткеншектің кенет тоқтап қалып, балалардың бір-біріне соғыла бастағанын байқауға болады.

"Байғұс балалар. Бұл кадрлар қорқынышты фильмді еске түсіреді. Көмекке асыққан жігіттерге рақмет", - дейді Виктория есімді куәгер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төтенше жағдай туралы хабар 2 мамыр күні шамамен кешкі 20:00 шамасында түскен. Оқиға орнына жеткен ақ халаттылар 8 баланың жарақат алғанын анықтаған.

"Олардың бесеуі ұл, үшеуі қыз бала. Балалар негізінен денесінің көгеруі, жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы сынды жарақаттар алған. 10 жастағы баланың жіліңшегі сынған. Балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді", - деп хабардар етті ведомстводан.

Бұл жайттан кейін полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Әткеншектің жұмысы тоқтатылған.

"2 мамыр күні 19:40-та мәдениет және демалыс саябағындағы төтенше жағдай туралы хабар түсті. Жұмыс істеп тұрған аттракцион кенет тоқтап қалған. 8 бала жарақат алған. Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігі (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - дейді БҚО полиция департаменті.

Оқиғаға қатысты аттракционға жауапты кәсіпкер де пікір білдірді. Айтуынша, аттракцион 2012 жылы Беларусь Республикасында шыққан.

"Пайдалануға рұқсат етілмес бұрын аттракцион техникалық бақылаудан өткен. Ешқандай ақау болған жоқ. Ол 16 адамға арналған, "Калейдоскоп" деп аталады. Адамдар кабинаға отырады, сосын арнайы құрылғымен бекітіледі. Кейін аттракцион жай айналып бастап жерден 3-4 метр биіктікке дейін көтеріледі. Белгісіз себеппен әткеншек бірден тоқтап қалды. Кабиналар бір-біріне соғыла бастады. Оператор апаттық батырманы басып, аттракционды тоқтатты. Балаларға медициналық көмек көрсетілді", - дейді аттракциондар саябағы директорының орынбасары Антон Ротштайн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910808-oralada-sayabaqtagy-atkensek-isten-sygyp-8-bala-auruxanaga-tusti-video/