RU

Қазақстанға тағы бір елден жеткізілген Hayat Vax вакцинасы жайлы не белгілі

вакцина11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Жақында елімізде коронавирусқа қарсы үшінші вакцина пайда болды. Ол - қытайлық Sinopharm технологиясымен өндірілген араб вакцинасы Hayat-Vax. Осы орайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аталмыш вакцина жайлы толығырақ мәлімет берді.

Hayat Vax вакцинасы туралы не білеміз?

Hayat-Vax (SARS-CoV-2, Vero Cell) вакцинасы - бұл белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина, Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Рас-Аль-Хайма қаласындағы Julphar фармацевтикалық өндірісінде шығарылған.

Hayat Vax вакцинасын БАӘ денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі 2020 жылдың 09 желтоқсанында тіркеді, содан кейін Қытайда 2020 жылы 30 желтоқсанда тіркелді.

Бүгінгі күні Қытайдан басқа вакцина БАӘ-де өндіруге рұқсат етілген.

Ресми мәліметке сүйенсек, әлемнің 34 мемлекетіне бұл вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы қолдануға жіберілген.

Hayat Vax вакцинасы қауіпсіз бе?

Hayat Vax –вакцинасын жасау үшін байырғы, бірақ дәлелденген белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, инактивацияланған вакциналардағы адъюванттардың зиянсыз екендігі дәлелденген. Адъюванттар - инактивті вакцинаның құрамындағы қосалқы заттар ретінде иммундық жүйені ынталандырады және организмдегі иммунитеттің ұзақ сақталуына ықпал етеді.

Hayat Vax вакцинасында консерванттар жоқ.

Вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Мысыр, Марокко, Пәкістан, Перу және Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткізілген, оған 68000 астам адам қатысқан.

Жағымсыз әсерлер, ауыр аллергиялық реакциялар болмаған.

Hayat Vax вакцинасы тиімді ме?

Қазіргі күні бұл вакцинаның бүкіл әлемде 10 миллионнан астам дозасы қолданылған және ешқандай жағымсыз жағдайлар тіркелмеген.

Қолда бар және аралық нәтижелерге сүйенсек:

  • COVID-19 инфекциясына қарсы тиімділігі 79,3%;
  • Аурудың орташа және ауыр жағдайларының алдын алуда тиімділігі 100%.

Вакцина иммундық жауапты қалай тудырады?

Коронавирустық инфекцияның патогенді вирусы ағзаға түскенде, вакцинациядан кейін пайда болған антиденелер вирустық белоктарға жабысып, оларды блоктайды. Бұл жағдайда вирус денеге зиян келтіре алмайды.

Hayat Vax вакцинасын кімдерге салуға рұқсат?

Hayat Vax вакцинасын 18 жастан асқан ересек адамдарға, созылмалы ауруларының өршуі байқалмаған егде жастағы адамдарға салуға рұқсат.

  • Hayat Vax вакцинасын кімге салуға болмайды?

Вакцинаның кез келген компонентіне (белсенді және қосымша заттарына) ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға немесе осы вакцинаны алдыңғы дозасын енгізгенде аллергиялық реакциялар болғанда салуға болмайды.

Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер вакцинаның төмендегі топтардағы адамдар үшін қауіпсіз екені дәлелдегенге дейін қолдануға кеңес берілмейді:

  • жүктілік кезінде;
  • бала емізетін аналарға;
  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге.

Сондай-ақ төмендегі топқа жататын жандарға вакцина салуға уақытша рұқсат етілмейді

  • Бұлшықетке инъекция жасау барысында температурасы көтеріліп, жедел инфекциялық аурулармен ауырған адамдар. Вакцинациялау сауыққаннан кейін екі-төрт аптадан кейін ұсынылады.
  • Ағымдағы уақытта созылмалы ауруларының өршуі байқалған адамдар. Мұндай науқастарға вакцинация тек аурудың ремиссиясы кезінде ұсынылады.
  • Жақын арада жүктілікті жоспарлайтын әйелдер.

Қазіргі күні вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін 2 ай өткеннен соң жүктілікті жоспарлау ұсынылады.

  • ПТР әдісі бойынша COVID-19-ға қарсы тексерістен өткенде нәтижесі оң болған адамдарға.
  • Жұқпалы аурумен ауырып жатқан адамдармен, оның ішінде коронавирус жұқтырған жандармен байланысты болған адамдар. Оларға вакцинациялау карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ұсынылады.
  • Коронавирустық инфекцияны жұқтырғандарға жазылғаннан кейін 6 айдан кейін вакцина егу ұсынылады.

Вакцинациялау барысында аса сақтықты талап ететін топтар:

  • қан ауруының болуы (тромбоциттердің төмендеуі немесе қан ұюының бұзылуы) және иммунитет тапшылығы аурулары (иммундық қорғанысты басатын ем қабылдағанда, вакцинациялауды емдеу аяқталғанға дейін кейінге қалдыру ұсынылады).
  • үдемелі жүйке аурулары.

Вакцинациядан кейін болуы мүмкін жағымсыз әсерлер

  • инъекция орнында ауырсыну сезімінің болуы;
  • инъекция орнының қызару, аздап ісуі;
  • дене қызуының көтерілуі, аздап бас ауруы;
  • өте сирек кездестін әсерлер - жүрек айну, құсу, іш өту, бас айналу, тез шаршағыштық, бұлшықеттің ауруы, артралгия, ұйқы басу.
  • инъекция орнында тері бөртпесінің пайда болуы, инъекция орнының қышуы.

Бұл әсерлердің ұзақтығы әдетте үш күннен аспайды және арнайы емдеуді қажет етпейді.

Hayat-Vax вакцинасымен байланысты жағымсыз реакциялар тіркелмеген.

Hayat-Vax вакцинациясының толық курсы 2 дозадан тұрады, арадағы интервал 2-4 апта.

Вакцина 0,5 мл дозада иық бұлшықетінің жоғарғы үштен бір бөлігіне енгізіледі.    

Hayat Vax вакцинасын тасымалдау және сақтау туралы

Hayat Vax вакцинасы, басқа инактивацияланған вакциналар сияқты, +20С -ден +80С -ге дейінгі температурада сақталады және тасымалданады.

Бұл облыстар мен қалаларға тасымалдауды және таратуды, сондай-ақ медициналық ұйымдарда сақтауды жеңілдетеді.

Инактивті вакциналарды мұздатуға болмайды.

Вакцина салардың алдында:

  • дәрігер (фельдшер) тексеру қажет;
  • вакцинациялау алдында болу ықтималдылығы бар қарсы көрсеткіштерді анықтауға арналған сауалнама жүргізілуі керек. Мәселен адамның тамақ, дәрілік заттар мен вакцина компоненттеріне аллергиялық реакцияларының бар-жоғын анықтау, жедел ауруларды және созылмалы ауруларды анықтау;
  • Сондай-ақ, коронавирустық инфекциялардың қаупі және коронавирустық инфекцияларға қарсы алдын алуға арналған вакцинациялаудан бас тартудың қаупі туралы ақпарат беріледі.

Вакцина салғызған соң барлық адамдар:

  • медициналық ұйымда (егу бөлмесінің жанында) кемінде 30 минут дәрігердің бақылауында болады;
  • жағымсыз әсерлер болған жағдайда жергілікті дәрігермен кеңесу ұсынылады.

Тыйым салынады

  • монша, саунаға баруға,
  • екпе салған жерге қандай да бір процедураларды жасауға болмайды. Бұл асқынуларға әкелуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910816-qazaqstanga-tagy-bir-elden-zetkizilgen-hayat-vax-vakcinasy-zaily-ne-belgili/